Өңіраралық бірігуді дамыту жөніндегі шара облыстық орыс драма театрында жалғасын тапты. Төрт бірдей облыстан арнайы делегацияны басқарып келген жауапты мамандар өз мүмкіндіктерімен қатар, мемлекет тарапынан бекітілген арнайы бағдарламаның қыр-сырын түсіндіріп берді. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша халық саны республикалық көрсеткіштің 16,1 пайызын құраса, ауыл халқы 1,5 млннан асады. Демографиялық өсімі мол өңіріміз осылайша, еңбек рыногының ұтқырлығын арттыру үшін Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарымен түзілген ынтымақтастық Меморандумына қол қойды.
Апта басынан бері көшпелі жиынның куәсі болған Солтүстіктік делегаттар өңірдегі жұмыс қарқынының жоғары екендігін жасырмайды. Өйткені, тығыз орналасқан ауыл-аймақтарда жүргізіліп жатқан шаруашылық тынымсыз тірліктің нағыз көрінісі дейді. Ал, еліміздің солтүстік өңірлеріне дәл осындай еңбекқор жандар аса қажет. Керегінше гектарлап жер беруге дайын. Жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асады.
Осы уақытқа дейін Қызылжарға қоныс аударған 125 отбасы тұрғылықты үймен, жұмыспен қамтылып үлгерді. Мал шаруашылығынан өзге суармалы жерге егін салып, мол өнім алуды жоспарлап отыр. Бұған дәлел наурыз айындағы «Айғақ» телеарнасының осы өңірге арнайы сапары.
Шығыстықтар жыл сайын 5 мыңнан астам мектеп бітірушінің өзге қалаға оқуға кетуінен халық санының азайып бара жатқандығын жасырмайды. 1 млн 300 мыңнан астам облыс тұрғыны болса, ауыл халқы небәрі 40 пайыз. Семей Өскемен қалаларын қосқанда 2105 бос жұмыс орнына еңбеккерлер қажет.
Оңтүстіктей жұмыс күші мол аймақта жыл сайын 80 мыңға жуық нәресте дүние есігін ашады. Нәтижесінде, 1 шаршы шақырым аумақтағы тығыздық республика көрсеткішінен 3 есеге артық. Жоғары оқу орнын бітіріп, дипломын алып екі қолға бір күрек таппай жүргендер қаншама. Сол себепті де солтүстік өңірлерге қоныс аударып, халқы сирек орналасқан аймақта нәтижелі жұмыспен қамтылу негізгі мақсатты көздейді. Осы ретте айта кетерлігі, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға үлес қосып жүрген облыс мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабековтың бастамасымен 150-ге тарта отбасы Солтүстікке қоныстанып үлгерді. Жеке шаруашылық құруға жағдай жасалып, тұрғылықты жай да қарастырылып берілген болатын.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында – еңбек нарығын жаңғыртуда басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету негізін жаңғыртқан 5 бірдей облыс әкімдігі өзара ынтымақтастық Меморандумына қол қойды. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнесті дамытуға да негіз болмақ.
3 күндік бос жұмыс орындарының көшпелі көрмесі барысында 672 отбасы Қазақстанның солтүстік облыстарына көшуге ниет білдірсе, жалпы жанұя құрамы 2019 мүшеден тұрады. Студент жастар үшін «Серпін бағдарламасының тиімділігін ескерсек, егеменді еліміздің болашағын берік етуде бұл жұмыстардың берері мол.
Салтанат Тойболова