Елбасының Жолдауында халықты жұмыспен қамту, Жалпыға ортақ Еңбек қоғамы секілді жұмысшы күшін арттыру мәселелеріне басымдық берілген. Сондықтан, халқы тығыз еңбек күші мол аймақтан еңбек күші жетіспейтін өңірлерге көші-қон ұйымдастыру арқылы азаматтарды жұмыспен қамту негізгі мақсаттардың бірі. Осы орайда, айтулы бастаманы жандандыру мақстында өңірімізге Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары мен Қостанай, Павлодар аймақтарынан жалпы саны 60-қа тарта делегаттар арнайы келді. Құрамында басқарма басшылары мен аудан әкімдері және бірқатар шаруа қожалық төрағалары бар делегация Мақтарал ауданында болып, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізді.
Мемлекет басшысының Жолдауы жүктеген міндеттер аясында ішкі көші-қон процестерін реттеу, және еңбек күші мол аймақтан еңбек күші жетіспейтін Республикамыздың кей өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру жұмыстары жүргізілуде. Міне осының нәтижесінде талай отбасы Солтүстік аймақтарға көшіп барып, аталмыш өңірлерді түлетуге үлестерін қосуда. Ал осы бір маңызды істі әрмен қарай жандандыру бағытында Оңтүстікке арнайы келген Қостанай, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облысының делегаттары 350 мыңнан астам тұрғыны бар Мақтарал ауданының орталығы Жетісай қаласында өңірарлық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Аталмыш маңызды бастаманың жоғары денгейде ұйымдастырылып жобаның жалғаса беруіне ОҚО-ның әкімдігі де ұйытқы болып отыр.
Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары мен Қостанай, Павлодар аймақтарынан келген делегациялар құрамында жалпы саны 60-қа жуық азамат бар. Олардың арасында сол аймақтардың салалық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері және бірқатар шаруа қожалық төрағалары сондай-ақ жұмыс беруші мекеме басшылары да бар. Яғни бұл күнгі еңбек жәрмеңкесінде 636 жұмыс берушіден 1785 бос жұмыс орындары ұсынылды. Айталық ауыл шаруашылығына бейім Солтүстік Қазақстан облысына қазірігі таңда ең қажеттісі, шұрайлы өңірдің жерін игеретін ауыл шаруашылығының мамандары.
Жетісай қаласында өткен өңірарлық бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келушілердің де бұл күні қарасы қалың. Яғни Солтүстік облыстарға көшуге ниет танытқан азаматтар жәрмеңке барысында жұмыс берушілермен тікелей әңгімелесіп, бос жұмыс орындары туралы жан-жақты мағлұматтар алды.
Осылайша түске дейін жалғасқан бос жұмыс орындары жәрмеңкесі түс ауа Атакент ауылында жергілікті тұрғындардың қатысуымен өңіраралық еңбек рыногының ұтқырлығын дамыту жөніндегі кездесуге ұласты. Мұнда төрт бірдей облыстың Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары өз аймақтары бойынша қажетті мамандықтар тізбесін атап, көшіп келген азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды. Айталық, Павлодар облысында дәл қазір 3,5 мың жұмыс орындары бос тұр. Сондықтан бұл аймақта қажетті мамандықтарға сұраныс көп. Ал СҚО-на тек өткен жылдың өзінде Оңтүстік өңірлерден 150-ге тарта отбасы көшіп барса, аграрлы аймақ биылғы жылы да келемін деушілерді қарсы алуға әзір.
Өз кезегінде сөз алған Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков тұрғындары еңбекпен қамту, Солтүстік өңірлерді түлету жобасына қолдау көрсетіп, барамын деушілерді алдын ала аймақтың мүмкіндігімен таныстырып қайтуға да әзір екендігін жеткізді.
Ал кездесу соңында делегация мүшелері тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берсе, жастарға «Серпін» бағдарламасы бойынша Солтүстік облыстарда білім алу барысы да түсіндірілді.
Абай Омар