Еліміздің демографиялық ахуалы ақсап тұрған шақта отбасындағы балалар санын көбейту жайлы әңгіме бола қалса, біреулер жағдайдың жоқтығын, келесілері жұмыстың көптігін сылтау қылып жатады. Соның салдарынан, өкінішке қарай, қалалық жерлерде 1-2 баламен ғана шектелетін қазақ отбасылары көбейіп барады. Осындай шақта қауырт жұмыстың тізгінін ұстап, күн демей, түн демей еңбек етіп жүрсе де, ондаған баланы өмірге әкеліп, көпбалалы отбасының отағасы болып отырған азаматтарымызды көпшілікке үлгі еткің келеді.
Міне, солардың бірі – Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Жол-патрульдік полициясы полкі кезекші бөлім кезекшінің көмекшісі, 42 жастағы полиция сержанты Бауыржан Абдурахманов, бүгінде 11 баланың әкесі атанған.
Жұбайы Хадиша екеуі 8 қыз бен 3 ұлды тәрбиелеп, өсіріп отыр. Балалардың үлкені 16 жаста болса, кішісі небәрі 4 жастағы бүлдіршін.
Бауыржан өзінің жан жарымен сонау 2000 жылы танысқан болатын. Ол кезде Хадиша 19 жастағы бойжеткен. Таныстықтың аяғы жұбайлық өмірге ұласып, бастапқыда олар Сарыағаш ауданының Абай ауылында тұрды. Кейін отағасы Ішкі істер органдарына қызметке қабылдануына байланысты Шымкент қаласына қоныс аударады.
Қалаға келгенге дейін-ақ олар Құдай берген 4 перзенттің әкесі мен шешесі атанып, көпбалалы отбасы болып үлгерген еді. Десе де, олар қалада тұрамыз, жұмыс көп, балаларға бас-көз болатын адам жоқ деп, ұрпақ жалғастығын шетке ысырып қоймады. Күйкі тірлікке, бір бар, бірде тар тұрмысқа қарамастан, бұл жақта да бүлдіршіндерді өмірге алып келе берді.
«Балаларымыздың саны жыл санап артқан сайын отағасының бір ғана жалақысына қарап отыру мүмкін болмады. Сондықтан, жұмысқа шығуға бел байладым», – дейді Бауыржанның жұбайы Хадиша. Ол бүгінде қалалық ауруханалардың бірінде акушер болып еңбек етіп, отбасын асырауда отағасына көмекші болып жүр.
Ал үйдегі шиіттей балалар полиция сержантының 68 жастағы анасының қарауында. Балдырғандарды мектепке шығарып салу, күтіп алу, олардың күніне үш мезгіл тамағы сынды шаруалар сол кісінің мойнында екен.
Нәрестені бағып-қағатын осындай сенімді көмекшілері болғандықтан, көп балалы ана жұмысқа шыққаннан кейін де өмірге бала әкелу «қызметін» шектеп қоймаған.
Полиция сержантының анасы Сарыағаш ауданындағы ерінен қалған қарашаңырақта кіші ұлының отбасымен тұрыпты. Алайда, Бауыржанның жағдайы алаңдатқандықтан, қара шаңырағын тастап осында келуіне тура келген. Иә, күні-түні қызметтегі әке-шешенің жүгін жеңілдетуден басқа, жас балаларға әженің тәлім-тәрбиесі де керек-ақ екені белгілі.
Ішкі істер органдарындағы ауыр да салмақты қызметімен қатар шиіттей бала-шағаның қамын қатар алып жүрген асқаралы әке бүгінде балаларының болашағына алаңдайтынын жасырмайды. Алаңдауына үлкен себеп те бар – ол көпшілік қазақ отбасыларын толғандыратын баспана мәселесі. Көпбалалы отбасы бүгінде қаланың шеткері жағынан бір жер үйді жалға алып тұрып жатыр. Үй алуға мүмкіншіліктерінің жоқтығын айтады. Әйелі екеуінің тапқан-таянғандары ішіп- жемнен, жүріп-тұрудан артылмаса керек. Алтын алқаға төленетін азғана жәрдемақы айлықтарына шайлық болып отырғаны да шамалы.
Балалардың алды биыл мектеп бітіреді. Оларға жоғары білім әперу де нарық заманында қалтаға әжептеуір күш салатыны жасырын емес. «Ұлдардан бұрын қыздарымды қалайда жоғары оқу орнына түсіруді көздеп жүрмін. Қыз баланың тағдыры күрделілеу ғой. Сондықтан, өзінің нанын тауып жейтіндей болуы керек», – дейді полиция сержанты.
2006 жылдан бері Жол-патрульдік полициясы полкінде сержант болып істеп жатқан ол бүгінде әріптестері арасында да абройы асқақ, ұжымдағы беделі жоғары қызметкер.
Полиция сержантының қала сыртындағы жалдап тұратын баспанасына барып, отбасымен танысқанымызда, шынында көп балалы үйдің базарлы болатынына тағы бір куә болдық. Еліміз демографиясының жақсаруына елеулі үлес қосып, үйемелі-сүйемелі бала-шаға тәрбиелеп отырған полиция сержантының отбасына табыс пен береке-бірлік, сәулелі болашақ тіледік.
ОҚО ІІД баспасөз қызметі