Елбасы тапсырмасына сәйкес ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған Қазақстан делегациясы Қытай Халық Республикасының астанасы – Бейжің қаласында бірнеше маңызды кездесулер өткізді.
Делегация құрамында Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, өңірлердің салалық басқармаларының, «ҚазАгро» холдингі мен еншілес ұйымдарының басшылары, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы қызметкерлері және ауыл шаруашылығы қауымдастықтарының жетекшілері мен жеке кәсіпкерлер бар.
Жұмыс сапарының басты мақсаты – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы АӨК-ке шетелден инвестиция тарту мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты бойынша берген тапсырмаларын жүзеге асыру және екі жақты тиімді келісімдерге қол жеткізу.
Мемлекет басшылары – Н.Назарбаев пен Синь Цзяньпиннің деңгейінде «Нұрлы жол» және «Бір белдеу, бір жол» бағдарламалары бойынша өзара ынтымақтастықты нығайту бойынша аса маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Ең алдымен, бұл ауыл шаруашылығы кешеніне қатысты.
Елбасы атап өткендей, біздің көптеген позициялар бойынша әлемдегі ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің біріне айналуға толық мүмкіндігіміз бар, әсіресе, органикалық таза өнімдер шығара аламыз.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың жұмыс сапары аясында қытайлық әріптестермен бірге аталған келісімдердің жүзеге асырылуы қарастырылатын болады.
Айталық, ҚХР Сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасы төрағасы Чжи Шупинмен өткен кездесуде Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көршілес елдермен экспорттық әлеуетті арттыру бағытының кеңінен қамтылғанын атап өтілді.