Түрксойдың мәдени астанасы Түркістанда халықаралық Наурыз айтысы өтті. Екі күнге жалғасқан аламан айтысқа Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларының ақындары да қатысты. Қазыбек бидің 350 жылдығын жырға қосқан ақындар, ел бірілігін де сөз етті. Осылайша тойы тарқамаған рухани қалада түркі халықтары сөз жарыстырып, 20 ақын өз өнерлерін ортаға салды.
Айтыс қазақтан басқа арабтың бәдеуилер тайпасында және түркі тілдес елдердің бірқатарында бар. Ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан бұл поэзиялық жанр, дем арасында суырып-салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. Ежелгі дәстүр қайта жарасымын тауып, бұл жолы халықаралық деңгейде өткізіліп отырған айтыс, көне Яссыны астана еткен «ТҮРКСОЙ-дың»жемісі.
Халқымыздың біртуар тұлғасы, ұлы үш бидің бірі Қазыбек би Келдібекұлының туылғанына биыл 350 жыл толып отыр. Көрнекті мемлекет қайраткері өз заманында талай халықаралық даулардың басын ашып, Қаз дауысты Қазыбек би атанды. Өмірден өткен соң ұлы тұлғаның асыл сүйегі Түркістанға жерленеді. Шежірелі тарихымызда есімі алтын әріптермен жазылған тұлғаның өмірін, шығармашылығын дәріптеу бұл жолғы айтыстың басты мақсаты. Бұл ретте Республикамызға белгілі ақындар, шет елден келген қонақтар да барын салды.
Аламан айтыстың сахнасына шыққан ақындар ежелгі өнердің сара жолын жалғаушылар. Бұл ретте қалың көрерменнің көңілінен шығып, қошеметіне ие болу ақындардың басты мақсаты. Бірі салмақты сөзімен, бірі астарлы әзілімен өлең құрастырып, халықаралық айтыстың көркін аша түсті. Жезде мен балдыз, жеңге мен қайны айтысы, бәрінен бұрын қырғыз бен қазақ айтысы жиылған көрерменнің делебесін қоздырды.
Алғашқы күні 20 ақыннан іріктеліп, 10 ақын ақтық сынға жолдама алды. Барлығы да тебінгісімен таласқан жүйріктер. Бұл доданың өзге айтыстардан ерекшегілі ақындар саханада бір-бірін сынаудан гөрі, ынтымақты көбірек сөз етті. Сондай көңіл марқайтатын сәттердің бірі қырғызстандық ақын Болот Назаров пен Қажымұқан Абзаловтың айтысы болды. Бауырластықты сый-құрметке жалғаған олар бір-біріне домбыраларын тарту етті.
Ал, аламанның Бас жүлдесінен үміткер ақын Айбек Қалиев финалда Тайқазан мен Әз-Наурызды халқымызға қайта әкелген, Қожа Ахмед Яссауи кесенесінің қалпына келуіне ұйытқы болған Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегін тебірене жырлады.
Аламан айтыста лағыл жырға әбден сусындаған түркістандық көрермендердің қуанышында шек жоқ. Айтыс соңында саханаға шыққан ел анасы Алатаудың ар жағынан келген көршілес қырғыз халқының ақынына «Нағашым» деп шапан дапты. Осы бір сәт бауырлас қос елдің туыстығын арттырып, көптің көңілін толқытып тастады.
Ал күні кеше Ұлыстың Ұлы күнінде «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атанған, халқының ерке қызы, әділқазылар алқасының мүшесі Татьяна Бурмистрова көпшіліктің сұрауымен сахнаға шығып елге деген сағынышын әнмен жеткізді.
Екі күнге созылған аламан айтыс өз мәресіне де келіп жетті. Жүзден жүйрік деп танылған үздіктер марапатталды. Қатысушылардың әр қайсысына ынталандыру ретінде 300 мың теңгеден табыс етілді. Айтыстың басты тақырыбы Қазыбек бидің өнегелі өмірін жырлай білгені үшін Қазыбек би атындағы арнайы жүлде, 500 мың теңгемен Анар Жаппарқұлова марапатталды. Ал, жүлделі үшінші орын 1 млн теңгеден қырғызстандық Болот Назаров, Сара Тоқтамысова және Сырым Әуесхандарға бұйырды. Екінші орынды Асылбек Маратов пен Нұрлан Есенқұловтар өзара бөлісті. Сарыағаштық Жарқынбек Наушабеков өз тапқырлығымен 1-ші орынды иеленсе, көптен күткен бас жүлде қостанайлық Айбек Қалиевтің қанжығасында кетті.
Ботагөз Мәдібек