ТҮРКСОЙ-дың мәдени астанасы Түркістанда Түркі әлемінің «Наурыз» айтысы басталды. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында өтіп жатқан айтысқа Өзбекстан және Қырғызстан Реуспубликаларынан үміткерлер қатыспақ. «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының бастамасымен өткізіліп отырған бұл жолғы Наурыз айтысқа Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығы арқау болмақ.
Айта кету керек, шежірелі тарихымызда есімі алтын әріптермен жазылған Қазыбек би Келдібекұылының асыл сүйегі Түркістанда жерленген. Би Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған. Қазыбек бидің «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз» деген даналық сөзі ұлы бабаларымыздың асыл мұратын айшықтап тұр.
Ботагөз Мәдібек