Биылғы 22 наурызда №1/2 алғашқы «Алматы-Ташкент» жолаушыларға арналған халықаралық жүрдек пойызы Өзбекстан астанасына келіп жетті, деп хабарлайды pm.kz сайты.
Халықаралық пойыздың келу салтанатына екі елдің теміржол саласының, ҚР мен ӨР елшіліктерінің, қазақстандық диаспораның өкілдері қатысты. Олардың қатарында Қазақстан теміржол саласының ардагері Қ. Сәмбетов, М. Хамзин, «Узбекистон темир йуллари» АҚ төрағасының орынбасары М. Раджапов, «Өзбекстан теміржол жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Ж. Нұрмұхамедов, ҚР-ның Өзбекстандағы елшілігінің кеңесшісі В. Төреханов, Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы С. Үсенов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Орта Азия бойынша өкілдігінің жетекшісі Н. Кенжебеков бар.
Өзбекстан теміржол компаниясының өкілдері Алматы-Ташкент халықаралық бағдарының болашағы зор екендігін атап өтті.
«Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы 400 орындық замануи пойыз. Ол Алматы мен Ташкенттің ірі туристік орталықтарын байланыстырады. Ташкент тарапынан Алматыға келушілер саны басым. Біздің азаматтар Қазақстанның мегаполистік тау шатқалдарындағы курорттық өңірлерге баруға қызығушылық танытады. Қазақстандық туристер Өзбекстанның Самарқан, Бұқара, Хиуа қалаларын көргісі келеді», — деді «Өзбекстан теміржол жолаушылар тасымалы» АҚ бөлім басшысы Б. Егембердиев.
Қазіргі таңда пойыз аптасына екі рет қатынайтын болады. Болашақта сұраныс көбейетін түрі бар.