Алматыда қобызшыларға арналған Kobyzbook алғашқы электронды оқулығының тұсаукесері болды, деп хабарлады ҚазТАГ тілшілері ҚР бірінші президент қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Kobyzbook – бұл қобызда ойнау өнерін үйретуге арналған бірінші электронды оқулық. Kobyzbook міндеттерінің бірі – Қазақстанның ұлттық дәстүрлі музыкасымен таныстыру, ұлт аспаптарын дәріптеу. Ұлт аспаптарының шетелдік табынушылары қобызбен танысу мүмкіндігіне ие болады», — деді жоба авторы Мақсат Медеубек.
Электронды оқулықта қобызда ойналатын күйлердің 180-нен астам аудио нұсқалары жинақталған, онымен қоса күйлердің шығу тарихы мен олар туралы аңыздар да бар. Оған қоса әр шығарманың нотасы, әрлеудің бейне және аудио нұсқалары мен оларды орындау әдістемесі бойынша ұсыныстар да ұсынылған.
Kobyzbook қазақ және ағылшын тілдерінде шығарылған, оның веб-сайты мен ұялы телефондарға арналған қосымшалары да бар. Ары қарай ол орыс тілді аудиторияға да бейімделіп жасалатын болады.
Фото: art-auction.kz