Өңірде 13 -16 наурыз аралығында облыстық жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау инспекторлары басқа да мүдделі орган өкілдерімен бірлесе «Табиғат» жедел алдын алу шарасын өткізуде. Іс-шараның мақсаты –жер қойнауын өз бетінше пайдалану, заңсыз балық аулау және ағаштарды кесу деректерінің алдын алу, осы бағыттағы құқық бұзушылық пен қылмысты болдырмау, деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметі.
Іс-шараның үш тәулігінде заңсыз ағаш кесуге және жер қойнауын өз бетінше пайдалануға қатысты 13 экологиялық қылмыс анықталды.
Мәселен, Созақ ауданының тәртіп сақшылары аудандағы Тасты ауылына кіре беріс жолда күдік тудырған маркасы «ГАЗ 53» жүк көлігін тоқтатып, сексеуіл ағаштарының тиелгенін анықтады. Бүгінде келтірілген сексеуіл шығынының көлемі анықталуда, ал автокөлік ақылы айыптұраққа тоғытылды.
Аталған жайт Сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркеліп, ҚР ҚК-нің 340-бабымен «Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау» қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүруде.
Сондай-ақ, табиғатты қорғау заңнамаларын бұзған 68 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы соммасы 249 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Оңтүстіктің барлық аймағында жүріп жатқан «Табиғат» іс-шарасы жалғасын табады.