Аяқжолдар, веложолдар мен ирригациялық жүйелерді заман талабына сай қайта құрылымдау қажет. Саладағы жоспарлы жұмыстардың жай-күйі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде кеңінен талқыланды.
Облыс орталығын көркейту, көгалдандыру бағытында қала әкімі жауапты сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.
– Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары толығымен жарықтандырылды, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы. – Дегенмен, саладағы өзге де түйткілді мәселелер жетерлік. Қала халқын ұзақ жылдар бойы әбігерге салып келген ирригациялық жүйелер биыл толығымен қалпына келтірілуі тиіс. Сондай-ақ, қала көшелерінде қосымша веложолдар жолағы сызылып, велотұрақтар салу қажет. Мұның барлығы, өз кезегінде, қала тұрғындарының жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне мүмкіндік бермек.
Айта кетейік, өткен жылы қала аумағындағы көшелерді жарықтандыруға 840 миллион теңге бөлінген. Бұл қатарда, 13 көшедегі 2110 дана жарықшам көзі светодиодты шамдарға ауыстырылды. Аталған жарықшам көздері пайдаланылған электр энергиясын 40 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Талғат Қасымбековтің айтуынша, жауын-шашын күндерінде су басудың алдын алу мақсатында жалпы ұзындағы 9,8 шақырымды құрайтын 32 мекен жайда тұйық ирригация жүйесі қалпына келтірілген. Сонымен қатар, 21 мекен жайда тұйық ирригация жүйесін ретке келтіру жұмыстарының құжаттары әзірленуде.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді. Берілген тапсырмалардың орындалу барысын өз қадағалауына алатынын жеткізді.