Сарыағаштық бағбандар тропикалық жемістерді өсіруді мықтап қолға алған. Бұған дейін лимон өсірген диқандар, енді жоғары сұранысқа ие бананды өсіріп, мол пайдаға кенелмек.
Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС бүгінде жылына 1 млн. данаға жуық көшет өсіріп, әзірлейтін тұқымбақтағы көшеттердің 250-300 мыңы жеміс ағаштарынікі. Ал жылдық табысы 90 млн. теңгеден асады. 2002 жылдан бері 96,5 га аумақта түрлі жеміс-жидектер мен ағаш көшеттерін өсірумен 50 шақты жұмысшы айналысады. Тұқымбақтың иесі Танабай Шынтасов мырза осыдан төрт жыл бұрын Алматыдағы орман бағынан кивидің бірнеше көшетін әкеліп отырғызыпты. Алғашында тек тәжірибе ретінде қызық көрген бағбан оны жылыжайға отырғызған. Қазіргі таңда кивидің жерсіну процесі жүріп жатыр.
Жылдың 12 айында үздіксіз жұмыс істейтін «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-нің өзге тәлімбақтардан ерекшелігі, тропикалық аймақта өсірілетін жеміс түрлерін оңтүстік өңіріне жерсіндіруде үлкен тәжірибе жинақтап отыр. Бүгінде шаруашылықта климаты ыстық аптапта өсетін лимон, банан, киви секілді бірнеше жеміс түрлерін өсіру тәжірибеге енгізілген.
«Негізі бананның бір түбінен 80 келіге дейін өнім алуға болады. Біздің алғашқы өніміміз 12 келіге жетті. Қазіргі таңда егілген көшетті өзіміздің климатқа жерсіндіру мақсатында санын көбейтіп жатырмыз. Қарапайым мысал, шетелден асыл тұқымды малдарды алып келгенде алдымен климатқа үйретіп алып, кейін көбейтеді ғой. Банан да сол секілді», – деді тұқымбақ агрономы Асылхан Мырзақұлов.
Аудан бойынша қазіргі таңда 1967,7 га алқапта жеміс-жидектер өсіріліп жатса, оның 351,8 гектар алқабынжа жаңа заманауи технология бойынша түрлі өнімдер егіліп, тамшылатып суару әдісі арқылы жеміс-жидектер өсірілуде. Сарыағаштағы осынау 2 мың гектарға жуық алқаптан былтыр 7,5 мың тоннадан астам өнім алынды. Орташа өнімділік 55,3 цн/га болып отыр.