«Айғақ» республикалық газеті мен телеарнасы оқырмандар мен көрермендерді Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдық мерейтойымен құттықтайды!
1932 жылы 10 наурызда елімізде Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Орал (қазіргі Батыс Қазақстан), Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары құрылды.
Ұлы Жібек жолының торабындағы Оңтүстік Қазақстан жері бүгінде Қазақ мемлекеттілігінің бесігіне айналған. Мемлекет басшысы облысымыздың ерекше орнын атай келе «Оңтүстік – қазақтың қаймағы шайқалмаған жер. Бұл өңір шуақты күнімен, халқының жомарттығымен, меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен, ең бастысы – еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Сіздерге әр келген сайын оңтүстікқазақстандықтардың өз өлкесін гүлдендірумен, тұрмыс-тіршіліктерін жақсарта түсумен қатар өздерінің негізгі түп-тамырын ұмытпай, әдемі жалғастырып жатқанын көремін» деп айтқан болатын.
2005 жылы жарыққа шыққан «Оңтүстік Қазақстан» энциклопедиясында Оңтүстік Қазақстан облысы «Ұлтымыздың ұйытқысы» екені аталып өткен. Сонымен қатар төмендегі облыс туралы төмендегі мәліметтер жарияланған.
«Оңтүстік Қазақстан облысы – кең-байтақ қазақ жерінің тарихи терең, құнарлы да құйқалы, өзгеше өңірі. Қаратау мен Алатаудың баурайынан миллиондаған жылдар бұрынғы адамзаттың мекені болған орындар табылып, ғылыми негізде дәлелденуі, сондай-ақ ежелгі түркі қағанаттары тұсында қалалардың жан-жақты өркендеп, өзіндік өркениет орталықтары ретінде танылғаны талай-талай жайттарды аңғартады. Бұған баршаға белгілі тарихи тұрақтар, тастағы таңбалар мен жазбалар, Исфиджаб (Сайрам), Отырар, Сығанақ, Сауран, Иасы (Түркістан), Созақ, Шымкент, Құлан сияқты шаһарлар, кейінгі кездердегі қазбалар нәтижесінде анықталып жатқан қорғандар мен кенттердің қалдықтары дәлел. Әлі де небір құпияларын бүгіп, жұмбақтарын жасырып жатқан орындар қаншама.
Облыс аумағының табиғаты мен жер жағдайы ерекше. Биік-биік таулар мен қосылып жатқан жоталар, жазық далалар мен шөлейітті құмдар тоғысып, тоқайласып, өзіндік өрнек құрайды. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, Қаратау сілемдерін көлденең жарып ағатын өзендердің құрылымынан осынау тау жоталарының көтерілуі 350-400 мың жыл бұрынғы тектоникалық кезеңде басталғаны дәлелденген.
Ұлы Жібек Жолының негізгі күре тамырларымен қатар көне кенттерге, Алатау мен Қаратаудың асулары мен бел-белестеріне, Сырдария мен Шудың және Арыстың ұзына бойларына, Қызылқұмның түкпір-түкпіріне таралып жатқан таулары мен бұтақтары тіпті де көп.
Көне қалаларымыздың бірі Түркістанның 1500 жылдығы ЮНЕСКО аясында аталып өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Он бес ғасырлық тарихы бар бұл қаланың мерейтойы тек Түркістанның ғана емес, Қазақстан Республикасының, бүкіл түркі тілдес халықтардың да мерейін үстем ететін игілікті шара. Ендігі мақсат – Түркістан қаласын Орталық Азиядағы аса маңызды мәдени, рухани, ғылыми, сауда-экономикалық орталық ретінде одан әрі абаттандыра беру болып табылады», — деді.
Облыс орталығы Шымкент қаласы – Қазақстандағы инфрақұрылымы дамыған, өнеркәсіптік және ғылыми мәдени жағынан маңызды, қай жағынан алғанда да аса айшықты шаһарлардың бірі. Қасиетті Қазығұрт тауының баурайынан басталатын жазықта қанатын кеңге жайған қаламыз халқының саны жағынан республикамыздағы үшінші орын алады. Шымкентте 600 мыңнан астам адам тұрады. Ал, «Қаратау тәжі» атанған Кентау, тоғыз жолдың торабы делінетін Арыс, сондай-ақ, Сарыағаш, Шардара, Жетісай, Ленгір қалаларының да өзіндік ерекшеліктері аз емес. Мәселен, Мақтаарал, Сарыағаш, Сайрам сияқты аудандардың әрқайсысында 230-250 мыңнан аса халық тұрады.
Облыс жері Өзбекстанмен, Қырғызстанмен және Қызылорда, Қарағанда, Жамбыл облыстарымен шектесіп жатыр. Облыс 1932 жылы наурыз айында құрылған. Екінші дүние жүзілік соғыс жылдарында жауға атылған он оқтың жетеуі Шымкент қорғасынынан жасалған деп есептеледі. Облыстың басты бағыттары мен бағдарлары: түсті металлургия, химия, мұнай өңдеу; құрылыс метериалдары, машина жасау өнеркәсібі; мақта, бидай мен жүгері, күріш пен қызылша, жүзім мен бау-бақша, мал шаруашылығы.
Тәуелсіздікке тәубе дей отырып, оңтүстік қазақстандықтар жаңаша даму, өркендеу жолына түсті. Қазір қай салада болмасын, экономикалық, әлеуметтік-мәдени реформалардың жеңістері мен жемістері анық та айқын көрінуде.
Әрине, әр өңір мен өлкенің ең басты байлығы – адамдары. Осы орайды күллі адамзаттың мақтанышына айналған Әбу Наср әл-Фараби мен қожа Ахмет Иассауи бабаларымыз алдымен ойға оралатыны сөзсіз. Олардың теңдесі жоқ текті мұраларымен бүгінгі ұрпақтардың танысып, табыса бастауы да тәуелсіздігіміздің арқасында мүмкін болып отыр. Тәуелсіздіктің он төрт жылында экономикада, білім мен ғылымда, әлеуметтік-мәдени салада, өңірде қол жеткен табыстар баршылық. Сол жетістіктердің бәрі дерлік жасампаз адамдарымыздың ізденісі, ұмтылысы мен құлшынысы, ерен еңбегі, дарыны мен таланты, білімділігі мен біліктілігі арқасында келгені аян. Облыс энциклопедиясында айтулы адамдарымыздың басым көпшілігі қамтылған деуге болады.
Елбасымыз оңтүстік өңірін ұлтымыздың ұйытқысы, халықтық қалпымыз бен дәстүр-салтымыз молынан сақталған, келешекте де солай бола беретін берекелі өлке деп жоғары бағалайды. Осынау биік сенім үдесінен шығып, туған жерді түлете беру, табиғатты аялай сақтап, бірлік пен ынтымақты ту етіп ұстау – облыс халқының абзал парызы».
«Оңтүстік Қазақстан» энциклопедиясы-2005 ж.