«Ордабасы» чемпионатта медаль үшін күреседі»- облыс әкімімен болған кездесуде команданың бас бапкері Алексей Петрушин осылай мәлімдеді.Футбол чемпионатының қарсаңында ұйымдастырылған жиын барысында облыс спортының басшысы Әлібек Нұртаев » «Одабасы» командасының жаңа маусымға дайындығы жайын баяндады. Спорт саласының басшысы маусымға лайықты тұрғыда дайындық жасау үшін Түркияда үш кезеңнен тұратын оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Және құрамаға өз облысымыздан шыққан дара футболшыларды шақырудың реті келтірілді.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев дайындық пен жаңа футболшыларға көңілі толатынын айтты: «Барлықтарыңызды футбол маусымының ашылуымен құттықтаймын! Сіздер үш миллионға тарта облыс xалқының және 8- наурыз күні ашылатын ел чемпионатында әйел-аналарымыздың мерекесіне орай олардың сенімін ақтап ерекше сый жасауларыңыз керек. Сіздерге лайықты барлық жағдай жасалынды.Бапкердің талабына сай болған футболшылардың барлығына жол ашылды.Жуырда болған Елбасының қабылдауында,Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Шымкент қаласы еліміздегі үшінші экономикалық-индустриялық аймақ болады деп атап өтті.Олай болса біздің облысымыздың намысын қорғайтын «Ордабасы» командасы да сондай мәртебелі атқа лайықты болуы керек. Ел біріншілігінде өз жанкүйерлеріңізді жерге қаратпай биік дәрежеден көрініңіздер! Енді тек сәттілік жар болсын»-деді.
Биылғы жылы команданы капитан ретінде алаңға бастап шығатын және оңтүстікқазақстандықтар үшін киелі сан болып саналатын №13 жейдеге ие болған Ұлттық құрама мүшесі Азат Нұрғалиев футболшылар атынан облыс басшысына өздерінің алғыс сезімдерін білдіріп,облыс халқының сенімін ақтау үшін бар күш-жігерлерін жасыл алаңда көрсететінін жеткізді.
«Ордабасы» КФК президенті Бақтияр Байсейтов облыс басшысына футболшылардың қолтаңбасы қойылған теңбіл доп,құраманың маусымдағы жейдесін сыйға тартты. «Ордабасы» алғашқы кездесуін 8-наурыз күні ел чемпионы «Астана» футболшыларымен өткізеді.Бұл кездесу алаң иелері үшін аса қиын сынақ болмақшы! Алға «Ордабасы»!
Ілияс Жолдас
ФК «Ордабасы»