2017 жылдың шырайлы көктем мезгілі Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің жүрегін ерекше лүпілдетті. Себебі өскен өнген өлкесі Оңтүстік халқы Мемлекеттік сыйлықтың лауреатына зор ілтипат білдіріп отыр. Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығының қарсы алдында облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы дара тұлғаны қазақтың жөн-жоралғысы аясында күтіп алды. Әртістің иығына шапан жапты, ал астына ер жігіттің сенімді серігі болған жүйрік атты мінгізді.
Киелі сахнаның қадір-қасиетін түсінген дара тұлға ғұмырын театр мен киноға арнады. Асанәлі Әшімов десе халықтың санасына бірден Бекежан рөлі орала кетеді. Сол «Қыз Жібек» киносы арқылы жұлдызы жанып, өнердің биігіне шықты. «Атаманның ақыры», «Транссібір жүрдек поезы» секілді талай фильмдерде ойнап қазақ киносының дамуына үлес қосқан әртіс. Бүгінде жасы сексеннің сеңгірінде. Өнердің тарихында ойып тұрып орын алатын Әшімов енді бұдан былай ОҚО «Құрметті азаматы».
Өскен өлкесінде марапатқа бөленіп, атағын арттыру бастағы бақ болар. Мұндай мақтау кез-келген адамның жүрегін лүпілдетіп, тереңдегі сезімін оятады. Осындай көңіл-күйді бастан кешкен Асанәлі Әшімовке Оңтүстік қашанда ыстық. Қанша дегенмен Кентау қаласынан түлеп ұшқан түлек емес пе?! Өнердің қариясы сахнадан әлі қол үзбеген. Қазіргі таңда Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында шәкірттер тәрбиелеп жүр. Ізін басар сол ізбасарлары «Аңызға айналған Асанәлі» атты музыкалық қойылымды облыстың көрермендеріне ұсынып, қуаныш соңы театрландырылған спектакльге ұласты.
Бағлан БАЙКӨБЕКҚЫЗЫ.