Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық басқарма басшылары, қалалық, аудандық қоғамдық кеңес төрағалары мен мәслихат хатшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Отырысты облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Өмірзақ Мелдеханов ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібінде облысы әкімі мен облыстық мәслихат хатшысының және қоғамдық кеңес тарапынан атқарылған жұмыстар бойынша есеп тыңдалды.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында өткен жылдың есебін баяндаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында Оңтүстік Қазақстанда көптеген жаңа нысандар пайдалануға беріліп, барлық аудан, қалаларда «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту» айдарымен 119 әлеуметтік нысан ел игілігіне ұсынылғанын жеткізді.
«2016 жылғы қорытындылар бойынша облысымызда өнеркәсіп саласында 776,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, есепті кезеңмен салыстырғанда 106,3 млрд. теңгеге немесе 4,4%-ға өскен. Өткен жылы 7,4 млрд.теңгеге 600-ден астам жұмыс орнын құрайтын 19 жоба іске қосылды. Бүгінгі таңда 11 индустриалдық аймақтың 7-уі толыққанды жұмысқа кірісті. Мұнда 2016 жылы 15 жоба іске қосылып, 6 млрд. теңге инвестиция тартылды», — деді әкім.
Мұнан бөлек, әкім, өз сөзінде, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 303 жобаға қолдау көрсетіліп, 2 126 жұмыс орны қалыптасқанын, барлық аудан, қалаларда «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы» 37 232 адамға көмек көрсетілгенін мәлімдеді. Осынау мерзім ішінде облыс экономикасына жалпы 380,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың арқасында 445 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 4,9 пайызға артқанын алға тартты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,3%-ға өсіп, 211,9 млрд. теңгеге жеткеніне тоқталған Жансейіт Қансейітұлы жыл басынан 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен кезеңмен салыстырғанда 19%-ға көбейгенін хабарлады. Денсаулық саласында да жетістіктер жетерлік. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында 4, білім саласында 39, мәдениет саласында 8, спорт саласында 2 нысан пайдалануға тапсырылса, 24 ауыз су, 25 табиғи газ нысаны ел игілігіне берілген. Ал 640,9 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Осы сынды өткен жылдың атқарылған шаруасына тоқталған аймақ басшысы осы жылдың да жұмыс жоспарымен бөлісті.
Қоғамдық кеңес отырысында, сонымен бірге, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев пен облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Өмірзақ Мелдеханов саладағы атқарылған жұмыстар аясында баяндама жасады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі