Бүгін Ордабасы ауданында 1-наурыз — Алғыс айту күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік шара аясында ауданымыздың мәдени орталықтары ұлттық құндылықтарын дәріптейтін арнайы көрме ұйымдастырды.
Мерекелік басқосуды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Салдарұлы Жамалов ашып, ордабасылықтарға өңір басшысының ізгі тілегін жеткізді, көпшілікті мерекемен құттықтады.
Аудан әкімі Алмасбек Кеңесбекұлы Мамытбеков өз сөзінде Ордабасы өлкесінің бірлік пен ынтымақты насихаттаудағы маңызына тоқталды. Жеткен жетістіктерге тоқталып, барша аудан тұрғындарына алғыс айтты. Бұл күні «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 18 жыл толуы да назардан тыс қалмады. Аудан басшысы партияға қабылданған мүшелерге жаңа куәліктер тапсырды.
Солақай саясаттың құрбаны болып, туған жерінен күштеп көшірілген этнос өкілдері Қазақстанның түкпір-түкпірінде бар. Сол тарихи кезеңде елімізге жалпы 6 млн.-ға жуық адам қоныс аударуға мәжбүрленген.
Ордабасы ауданында бүгінде 17 ұлттың 5 мыңға жуық өкілі ынтымақ пен бірлікте, тату-тәтті күн кешуде.
Славян мәдени орталығынан Екатерина Рябова, күрді мәдени орталығынан Уәли Саноев, түрік мәдени орталығынан Бинат Гусейнов, иран мәдени орталығынан Мамет Багиров сөз алып, қазақ халқына шексіз ризашылықтарын білдірді, өткен күндерден естелік айтып, бұл ұлттар арасындағы достықтың туыстыққа айналғанын тілге тиек етті.
Бинат Гусейнов сонау қиын-қыстау заманда көшіп келген 11 түрік отбасының бүгінде 118 отбасыға жеткенін айтты. «Сол кезде қазақ жұрты бізге құшақ ашып, соңғы нанын бөлісіп, қолдау білдірмегенінде, сол 11 отбасының құрып кетуі әбден мүмкін еді», — деп ағынан жарылды.
Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.