Қазақ халқы тағы бір қайсар ұлынан айырылды. Ақпанның ақ боранында техника ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Исламқұлов өмірден озды. Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан батыр ер Мұхаметқұлдың жалғыз ұлы Қайрат Исламқұлов үлкен ғалым болатын. Елбасының курстасы болған тау тұлға бар ғұмырын білім мен ғылымға арнап, өнеркәсіпте енгізілген көптеген жаңалықтардың авторы еді.
Қайрат Мұқаметқұлұлы Исламқұлов 1.6.1940 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.Украинаның Днепродзержинск қаласындағы металлургтер училищесінде Елбасымен бірге оқып, еңбек жолын Теміртау қаласындағы металлургия зауытында бастаған. Мәскеу Болат және қорытпалар институтын (1962),Мәскеу машина жасау институтының аспирантурасын бітірген (1976). 1967 – 95 жылдары Қазақ химия-технологиялық институтында, Халықаралық қазақ-түрік университетінде аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі болып еңбек етті. Өмірінің соңғы жылдарын М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нде ұстаздық қызметке арнады.
Ғылыми жаңалықтары Херсон комбайн зауыты, Тула қару-жарақ зауыты, Өзбекстан электркомбинаты, Кентау экскаватор, Шымкент шина, мех. және автомобиль жөндеу зауыттары өндіріс орындарына енгізілген. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері. 100-ден аса ғылыми еңбегі жарияланған. 15 авторлық және өнертапқыштық куәлігі бар.
Белгілі ғалымның мезгілсіз қазасына қайғыра отырып, жұбайы Бибіхан апай мен ұл-қызына көңіл айтамыз! Жатқан жері жайлы болсын! Пейіште нұры шалқысын!