Ақын Жарылқасын Боранбай 20-дан астам жыр жинақтары мен тарихи-танымдық кітаптардың авторы. Атап айтар болсақ, «Мәңгілік өмір», «Гүлдесте», «Жаздың жылы жаңбыры», «Жанартаулар» жыр жинақтарымен қатар «Домалақ ана» поэмасы. Ақынның сөзіне жазылған ел арасына кеңінен танылған ондаған әндер бар. Шалқар шабыт иесі қаладағы Маржан Тасова атындағы №12-ші мамандандырылған мектеп-интернатта білім алып, қызмет еткен.
Жарылқасын Боранбайдың есімі оңтүстік халықына етене жақын. Ақын 1947-ші жылы қазіргі Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылында туылған. 1965-ші жылы №12-ші мамандандырылған мектеп-интернатта орта білім алып, Шымкент педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетіне оқуға түседі. Жалындаған жастық шағында-ақ өзінің лирикалық өлеңдерімен көпшілікке танылып үлгереді. 1972-ші жылы өзінің алтын ұя мектебіне жоғарғы білімді маман ретінде жұмысқа орналасады.
«Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген сөз бекер айтылмаса керек. Жансейіт Қансейітұлының әдебиетке деген қамқорлығын еліміздің бас ұстазы болып тұрғанда халық байқаған. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Одан кейінгі жерде Қазақстанның Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған жылдары қазақ әдебиетінің ондаған туындылары түрік тіліне аударылды. Ал, ҚР «Білім беру ісінің Құрметті Қызметкері» Жарылқасын Боранбай мектепте ұстазы Шайман Байсейітовті үлгі тұтқан екен.
Ботагөз Мәдібек