Жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысымен танысты.
Вице-Премьер – Ауыл шаруашылығы министрі 72 ЖҚШ мен 10 шаруа қожалықты біріктірген «Ет Агро Манкент» ауыл шаруашылығы кооперативіне барды. Аталмыш кооператив жылына 7 мың тоннаға жуық ет өндіреді.
«АӨК-тің ел экономикасының драйвері ретінде қалыптасуындаауыл шаруашылығы кооперативтерінің орны зор. Оның әлеуетін пайдалану арқылы ауылды көтеруге болады. Кооперация – ауыл болашағы», — деп атап өтті А.Мырзахметов.
Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудағы белсенділікті арттыру үшін Министрлік тарапынан сүт қабылдау және мал бордақылау пункттерін алғашқы жарнасыз иелену схемасы жасалды. Оған сәйкес «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы лизингке беру қарастырылған. Яғни, алғашқы жарнаға инвестициялық субсидияның жалпы бағасының 50 пайызын пайдалану қарастырылуда. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан кооперативтерге тапсырылған 1 литр сүтке 10 теңге берілмек. Ірі қара мал басына 20 мың теңге және ұсақ малға 1500 теңге.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында еліміздің барлық аймағында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Биыл 250 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарлануда.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін ақпараттық-консультативтік тұрғыда Fermers.kz сайты мен call-орталығы (барлық бағыттардан қоңырау шалу тегін) қызмет көрсетуде.
Жалпылай алғанда, ОҚО аумағында 2017 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес 18 ауыл шаруашылығы кооперативі, 15 сүт қабылдау пункті, 429 отбасылық мал бордақылау алаңы, 4 мал сою пункті, 5 жеміс-көкеніс әзірлеу пункті және 75 отбасылық жылыжай әзірлеу жоспарлануда.
Бұдан кейін, Вице-Премьер «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Сайрам ауданы, Көлкент ауылдық округі, Қосбұлақ елді мекеніндегі Қ.Сатпаев атындағы №63-ші 600 орындық орта мектеп құрылысы барысымен танысты.
ҚР АШМ Баспасөз қызметі