Шардара ауданына қарасты Сүткент, Достық және Егізқұм елді мекендерінің тұрғындары жыл соңына дейін жаңа қоныс тойын тойлап, баспаналы болады. Атап айтқанда, ауданның жаңадан бөлініп жатқан тұрғын үй массивінен тоғыз үйдің іргетасы қаланып, әр ауылдан үш үйден салынып жатыр.
Осынау нысандардың құрылысына жергілікті бюджет есебінен 64,9 млн. теңге бөлінген. Өткен жылдың қазан айында жұмысы басталған бұл үйлердің қазіргі таңда шатырлары толықтай жабылып бітті. Ендігі қалған жұмыстары алдағы сәуір айында басталмақ. Үш ауылдағы 9 тұрғын үй 2017 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Баспаналар кезекте тұрған азаматтарға және қызметтік үй ретінде мемлекеттік қызметкерлерге беріледі.
Еске салсақ, ауданда «Қол жетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында соңғы бірер жыл көлемінде Шардара қаласындағы Әл Фараби көшесінен көп қабатты 24 пәтерлі тұрғын үй, 2 шағын ауданнан бір пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, халық игілігіне берілген болатын.
Келесі жыл – 2018 жылдың еншісінде Шардарадағы Алатау батыр ауылынан 10 үй, Көксу елді мекенінен 10 үй салынады деп жоспарланып, бүгінгі таңда жобалық сметалық құны жасалу үстінде.
Айта кету керек, Шардара ауданында қазіргі таңда 900 азамат үй кезегінде тұр.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі