Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде үш мәселе — облыстың 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, облыс бюджетінің атқарылуы және орындаушылық тәртіп жайы қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе аясында сөз алған ОҚО Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Р.Мүлкемановтың баяндамасына сәйкес, өткен жылдың 9 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 1956,4 млрд. теңгені құрап, 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,4% өскен. 2016 жылы тауар өндіру 14,7%-ға, қызмет көрсету-13,5%-ға артыпты. Жылдың қорытындысымен жоспарланған 101,5% деңгейінде орындалуы күтілуде.
Сонымен бірге, басқарма басшысы былтыр өнеркәсіп өнімінің көлемі 776,8 млрд. теңгені құрап, жоспарланған көрсеткішке қол жеткізу арқылы аймағымыз республикада 3-орынға шыққанын хабарлады. Әсіресе, Оңтүстіктегі тау-кен өндіру саласында өндірілген өнім көлемі 222,9 млрд. тң. жетіп, 3,1% артса, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 479,7 млрд. теңгені құрап, 5,3%-ға көбейген. Бұл ретте, облысымыздың өңдеу өнеркәсібі (НКИ) бойынша республикада 2013 жылы 14 орында болса, 2016 жылдың қорытындысымен 6 орынға көтерілгенін айта кету маңызды.
Р.Мулкемановтың мәліметінше, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 445 млрд. теңгені құрап, 4,9% артса, құрылыс жұмыстарының көлемі 211,9 млрд. теңгені құрап, 2,3% көбейген. Атап айтқанда, жыл басынан бері 529,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19%-ға артып отыр. Мұнан бөлек, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 5,1%-ды, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,5%-ды құраған.
Десе де, салада кемшіліктер де баршылық. 2016 жылдың қорытындысы бойынша түрлі салалардағы бірқатар индикатор орындалмаған. Оның басым бөлігі кәсіпкерлік саласына қатысты. Осы мәселені сынға алған облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр аймағымызға инвестиция тарту мәселесі өте төмендігіне тоқталды.
«Мысалы, 2016 жылы инвесторларды тарту мақсатында облыста ірі инвесторларды шақырып кең көлемді халықаралық инвестициялық кездесулер мен келісулер өткізілді. Алайда нәтиже аз. Индустриалды аймақтар бойынша да жағдай көңіл көншітпейді. Бізде 11 индустриалды аймақ бар. Біз осы аймақтарға инвестиция тартып, жобаларды іске асыру бойынша жұмыстарды жандандыруымыз қажет», — деді Е.Садыр.
Бұл ретте, аймақ басшысы біздің өңірде кәсіпкерлік саласын дамытып, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығымен айналысуға кедергі жасалмау қажеттігін ескертіп, оны іске асыруда азаматтарды қағазбастылықтан босату қажеттігіне назар аударды. Экономиканың күре тамыры болып саналатын аталған салаларды жандандыруды Елбасының өзі жіті бақылап отырғанын жеткізді.
«Елбасының Жолдауы мен Үндеуінде елге қажетті нәрсенің барлығы айтылған. Ал оны жүзеге асыруда біз негізгі орындаушы болуымыз қажет. Мемлекет басшысы бизнес климатты оңтайландырып, бюрократияны азайту, процедураларды азайту, сосын салық мәселесі бойынша да тапсырма жүктеді. Ал экономиканы дамытатын әр саладағы жеке сектор. Сондықтан, шағын және орта бизнесті дамыту керек. Тағы айтамын, жұмыс істеймін деген азаматқа аудан, қала әкімінің өзі көмектесіп, қадағалауы қажет. Мұнан бөлек, кәсіпкерлерге жұмыс ашуда, лицензия беру және басқасында түгел жеңілдету керек. Кәсіпкер келді ме, сол жерде дереу жасап беруі қажет. Сингапурда 1,5 минутта құжатты дайындап береді. Бізде соған қажетті технологияның барлығы бар. Тексеріңіз, шықты, құжатын беріңіз», — деген Ж.Түймебаев аудан, қала әкімдеріне бизнесті дамытудағы барлық тетіктерді іске қосуды қатаң тапсырды.
Жиындағы екінші тақырып – өткен жылғы облыс бюджетінің атқарылуы туралы баяндама жасаған К.Мендебаевтың айтуынша, жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 104,5%-ға орындалып, 4,6 млрд. теңгеге артық түскен. Бұл есепті кезеңге барлық аудан, қалаларда кірістер бойынша жоспардың асыра орындалғанын білдіреді. Ал бюджеттің шығыс бөлігіне тоқталсақ, облыс бойынша жоспардағы 575 812,2 млн.теңгенің 574 951,0 млн.теңгесі игеріліп 99,9%-ды құрады. Бұл республика деңгейіндегі жоғарғы көрсеткіштердің бірі.
Аталған жәйт аясында жұмыстарды одан әрі жүйелеп, нақтылауды салалық жетекшілерге тапсырған әкім арнайы талдау жүргізіп, нәтижесін баяндауды нұсқады.
Сондай-ақ, отырыста орындаушылық тәртіп жайы аясында ОҚО әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы А.Сәбитов аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына 2 229 хаттамалық тапсырма берілгенін айтып, бүгінгі күнге олардың оның 1 133 орындалғанын, 419-ның мерзімі келмегенін және 607-сі тұрақты тапсырма екеніне тоқталды.
Хаттамалық тапсырмаларды орындамаған әрбір басқарма басшысына және аудан, қала әкіміне қатаң тартіптік шара көру туралы ұсыныс енгізуді жүктеген аймақ әкімі жетекшілердің жұмысына қойылатын талап бұдан былай одан әрі қатаңдана түсетінін ескертті.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі