Бүгін ОҚО әкімі Ж. Түймебаевтың төрағалығымен Шымкент қаласы әкімі Ғ.Әбдірахымов халық алдында 2016 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Жиналыста қаланың даму концепциясын іске асыру барысындағы атқарылған жұмыстар жайлы айтылды. Яғни ең алдымен — қала тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді шешу болса, екіншісі – қаланы көріктендіру және көгалдандыру, ал үшіншісі – бизнеске жағдай жасау және мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жайлы айтылды.
Қаланы абаттандыру және көріктендіру мақсатында өткен жылы шет аймақтағы елді мекендерге көп көңіл бөлінді (Мәртөбе, Сайрам, Қарасу елді мекендеріндегі саябақтар қайта құрылды).
Шаһар басшысы өткен жылы «Нұрлы жол», «Индустриялық инновациялық даму», «Өңірлерді дамыту» бағдарламаларын іске асыру арқылы біршама жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі 327 млрд.теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 4 пайызға, ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 3 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 23 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй 14 пайызға өсті.
«Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары шеңберінде 3 777 пәтерлі 64 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде, есепті жылы 90 пәтерлі 2 коммуналдық, 216 пәтерлі жас отбасыларға арналған, «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» және «Бәйтерек development» арқылы 996 пәтерлі 32 тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде, 1 302 отбасы тұрғын үймен, 35 отбасы жатақханамен қамтасыз етілді.
Қалалық бюджет 2016 жылы 111 млрд. теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 28 млрд. теңгеге ұлғайды. Қаржының басым бөлігі, қаланың инжнерлік жүйелеріне, осы саланы дамытуға бағытталған. 52 жобаның құрылысына 20млрд.теңге қаржы бөлінсе, 27-сі пайдалануға берілді. Транспорт саласына өткен жылы 13 млрд.теңге қаржы бағытталып, 2015 жылға қарағанда қаржы көлемі 6,7 млрд.теңгеге ұлғайды. Қаржыны ұлғайту арқылы бірқатар маңызыды жобалардың құрылысы жүргізілді.
Туризмді дамыту мақсатында қалада бірқатар жобалар іске асырылды. Атап айтқанда, Шымкенттің брендін қалыптастыру үшін қаланың логотипі қызғалдақ бейнесіне өзгертілді. Отбасылық демалуға арналған «Тұлпар» көлі маңында жеке инвестор есебінен «Жайлау көл» ойын сауық орталығы ашылды. Онда, биіктігі 50 метр «Altyn Eye» атты дөңгелек шеңбер орнатылды.
Ауылшарушылығына тоқталып өтсек, қалада 4 мыңға жуық шаруа қожалықтары, 200-ден астам жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жұмыс жасайды.Ауылшаруашылық саласын қолдау мақсатында «Агробизнес 2020» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама шеңберінде көлемі 11 га құрайтын жылыжайлар ашылды (Алтынтөбе, Қайнарбұлақ, Сайрам, Жаңаталап, Мәртөбе, Ақжар тұрғын алабтарында). Оның ішінде 5,5 га өнеркәсіптік жылыжай. 200 гектар жерге тамшылатып суғару әдісі ендірілді. 20 гектар жерге қарқынды бау егілді. Қаржы ұйымдарымен 825 млн.теңгеге 130 бизнес жоба қаржыландырылды.
Білім сапасын жақсарту бағытында оқушылар үлгерімін ата-анасы бақылау мақсатында 29 мектепке пилоттық жоба ретінде электрондық бақылау жүйесі енгізілді. Нақтырақ айтсақ, ата-анаға ұялы телефон арқылы баласының үлгерімі туралы СМС немесе электрондық почта арқылы хабарлама беріліп отырады.
Спортшыларымызға жағдай жасау үшін өткен жылы №12-ші спорт мектебі қайта құрудан өтіп, пайдалануға берілді. Бокстан №5-ші спорт мектебінде (ФОК) қосымша құрылыс жұмыстары басталып, осы жылдың жазында пайдалануға беріледі. Салауатты өмір салтын насихаттау үшін демеушілердің есебінен 4 жерге «Streetworkout» спорт алаңшасы, Түркістан көшесі бойынан Кроссфит орталығы ашылды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-аухат қоры арқылы қаламызда Астана қаласынан кейінгі «ShymkentBike» жобасы іске асырылды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі