Бүгін облыстық жастар орталығында өңір жастары Алматы қаласында өтіп жатқан 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадада топ жарған Оңтүстіктің жеңімпаздарымен кездесті.
Спортшыларымыз байрақты додада көрсеткен өнерлерімен және жеңіске жетудегі алғашқы сезіммен бөлісті. Сондай-ақ, олар жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Кездесу жиында еліміздегі бұқаралық спортты дамыту жайы мен мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың спортқа деген қызығушылықтарын арттыру жайында пікір алмасты.
Қазақстандық фристайлшылар Бағлан Іңкәрбек, Жанбота Алдабергенова, Жібек Арапбаевалар жиналған жанкүйерлеріне ұранды сөздерін жалындатып, алғыстарын білдірді.
Естеріңізге салсақ, спорттық доданың бірінші күні ел қоржынына фристайл спортының акробатика тәсілімен секіруден жерлестеріміз Жібек Арапбаева күміс медаль ұтып алса, Жанбота Алдабергенова қола медалге қол жеткізіп, ел құрамасын командалық есепте төртінші орынға шығарды. Ал, 31 қаңтар күні, Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек командалық сайыста алтын медалға қол жеткізді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі