Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі жөніндегі Үндеуі және 31 қаңтарда жарияланған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын талқылауға арналған келелі жиын өтті. Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаттары: Қ.Ержан, К.Мұсырман, ауыл округі әкімдері, дербес бөлім басшылары, мемлекеттік қызметшілер қатысқан жиналысты аудан әкімі А.Мамытбеков ашып, мақсатына тоқталды. Парламент мәжілісінің депутаты Қ.Ержан
сөз алып, Елбасының өз билігінің елеулі бөлігін Парламентке беру жөніндегі кемел де бірегей шешімінің Қазақстанда парламентаризмді дамытуға қосқан үлкен үлес екенін айтып өтті. Түптеп келгенде, Парламенттің өкілеттіктерінің кеңейтілуі іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттырып, бюджет қаржысының үнемді де ұтымды жұмсалуына, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды одан әрі күшейтуге оң ықпалын тигізіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін айтты. Парламент мәжілісінің депутаты К.Мұсырман Елбасы ұсынған қисынды демократиялық өзгерістер уақыт сынынан өткен күшті президенттік билікті сақтай отырып, беделді Парламент пен ашық Үкіметті қалыптастыру арқылы елімізді Мәңгілік Ел болу жолымен одан әрі өрлеуге бастайтындығын жеткізді.
Сонымен қатар, жиын барысында «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында жүктелген тиянақты тапсырмалар талқыланды. Ордабасылықтар Елбасы Үндеуінің тың бастамаларға арқау болатынына сенім артатындарын, сонымен қатар Жолдауды қолдап, ондағы жоспарлардың жүзеге асуына күш салатындарын тілге тиек етті.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі