Сәрсенбі күні Түркия Республикасына жұмыс сапарымен аттанған оңтүстікқазақстандық делегация жұма күні Анкара қаласынын әкімдігінде бас қосты. Келелі кездесуде топ мүшелеріне коммуналдық, шаруашылық, құрылыс саласындағы ерекшеліктер таныстырылып, қаланың сәулеттік ғимараттарының дүниеге келуі және ондағы заңдылықтар жан-жақты айтылды. Мәселен, Анкарада әлеуметтік нысандар мен жол құрылыстарының бой түзеуі біздегідей ұзақ уақыт алмайды екен. Мұнда әр жобаның сараптамадан өтуі, дайындалуы және тұрғызылуының уақыты мейлінше жылдам өрбиді. Дәлел ретінде, Анкарадағы 3 қабатты жол айрық бес айда аяқталыпты. Және де қалада бой көтеретін нысандарға 140-адамнан құралған қалалық кеңес мүшелері басшылық жасайды. Осы және өзге де маңызды мәселелер тыңдалған кездесуде Анкара қаласы вице-мэрінің көмекшісі Юнус Алуч оңтүстікқазақстандық делагация мүшелерін қызықтырған сан-сауалдарға жауап берді. Қазақстан мен Түркия арасындағы алыс-беріс, барыс-келістің жүйелі жүргізіліп жатқандығын тілге тиек еткен Юнус мырза бұл достық қарым-қатынастың дамуында ОҚО-ның әкімі Ж.Түймебаевтың қажырлы еңбегін ерекше атап өтті. Кездесу соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Анкара қаласы вице-мэрінің көмекшісі Юнус Алуч мырзаға қазақы дәстүрмен кәдесый табыс етіп, түрік ағайындарға сый-сияпат жасады.
Еңлік Заманхан