Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей бастамасымен оңтүстіктен тағы бір делегация Түркия еліне аттанды. Жиырма адамнан құралған топ құрамында құрылыс, энергетика, коммуналдық шаруашылық саласының мамандарымен қатар БАҚ өкілдері де бар. Сапар мақсаты, дамыған елдегі оң тәжірибені үйреніп, қазыналы аймақтың дамуына пайдалану. Оңтүстіктен Түркияның астанасы Анкара қаласына табан тіреген жұмысшы топ алғаш болып Диг-бен жазығына атбасын бұрды. Жазық даланы нағыз демалыс аймағына айналдырып, туристердің сүйікті орнына айналған жердің қазығы 1994 жылы қағылып, бес кезең бойынша жүзеге асқан. Мұндағы ескі үйлер сүріліп, оның орнына жаңа ғимараттар бой көтерген. Нәтижесінде, шатқал қаланың сұлу аймағына айналып, жергілікті тұрғындар баспаналы болған. Анкара қаласы әкімдігінің халықты баспанамен қамту ісінде оң тәжірибесін біздің облыста да жемісті жүзеге асыруға болады. Сонымен қатар, бұл күні делегация мүшелері Түркиядағы ҚР-ның Елшілігінде болды. Қос елдің бірлігін арттырып, достығын нығайтып отырған Елшілік оңтүстіктен барған азаматтарды ыстық ықыласпен қарсы алды. Бір жетіге жоспарланған сапар аясында оңтүстікқазақстандық делегация шетел мамандарымен өзара тәжірибе алмасып, озық технологияларды үйреніп қайтпақ.
Еске сала кетейік, бұған дейін өңір басшысының бастамасымен ОҚО-ның 200-ден аса дәрігерлері мен ұстаздары, мәдениет қызметкерлері бауырлас елге іс-тәжірибе алу мақсатында барып қайтқан болатын.
Еңлік Заманхан