Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрінің келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымына Мұқан Кеңесбекұлы Егізбаев тағайындалды. Жаңа басшыны таныстырған облыс әкімі Ж.Түймебаев біліктілігі жоғары және медицина ғылымдарының докторы Мұқан Кеңесбекұлына алдағы жұмысына сәттілік тілеп, денсаулық сақтау саласының дамуы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар ретін міндеттеді. «Ең бастысы, халыққа медициналық көмектің уақытылы және сапалы көрсетілу қызметін қамтамасыз ету. Сондай-ақ, ана мен бала өлімін азайту бағытындағы жұмыстарды жетілдіріп, баланың даму деңгейін арттыруды қолға алу керек. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының өңірде сапалы әрі тиісті мерзімінде орындалуы қажет»,-деді әкім. Айта кетейік, Мұқан Кеңесбекұлы Егізбаев 1962 жылы 23қазанда Сайрам ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, мамандығы педиатр-дәрігер, экономист, жоғары санатты денсаулық сақтауды ұйымдастырушы, медицина ғылымдарының докторы. Еңбек жолын 1987 жылы Шымкент қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігер-ординаторы болып бастаған. Ал 1988-2008 жылдары Шымкент қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі, бас дәрігері, облыстық дерматовенерологиялық диспансерінің бас дәрігері, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарған. 2008 жылғы қыркүйек айынан жаңа тағайындауға дейін облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері болып еңбек етіп келеді. Ғылыми және тәжірибелік жұмыстарын табысты атқарған Мұқан Кеңесбекұлы 41 ғылыми еңбектің авторы. 1998 жылы Гигиена мамандығы бойынша медицина ғылымының кандидаты атанған. Ал, 2005 жылы қоғамдық денсаулық пен денсаулық сақтау мамандығы бойынша медицина ғылымдарының докторы атағы берілген.
Денсаулық сақтау саласында сіңірген еңбегі үшін 1995 жылы ҚР денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасымен», 2002 жылы ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі значогімен, 2005 жылы «ҚР Конституциясына 10 жыл» және «ҚР Парламентіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді азамат Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына төрт рет қатарынан депутаттыққа сайланған.