«Қазпошта» компаниясы 2014 жылдан бастап ұйымдастырып келе жатқан жоба аясында Мемлекет басшысы осы жобаға екінші жыл қатарынан қолдау көрсетіп, жас жеткіншектер арманының орындалуына көмектесті, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Биыл Нұрсұлтан Назарбаев павлодарлық Ардақ Шалабаевтың Аяз атаға жазған хатын оқып, оның ЭКСПО-2017 көрмесіне билет сұраған өтінішінен хабардар болды. Халықаралық көрме — келер жылдың басты оқиғаларының бірі. Осыған орай Елбасы 11 жастағы Ардаққа Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне кіретін 4 билетті сыйға тартты.
Сонымен қатар, Президент Атырау облысының Махамбет ауданындағы арнаулы мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне іс тігіп үйрену үшін тігін машинасын, сондай-ақ доп, ракетка және басқа да спорттық жабдықтар тарту етті.
Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінің тұрғыны 6 жасар Нұрислам Серіковтің де хаты ескерусіз қалған жоқ. Оған Мемлекет басшысы балалар әдебиеті мен «Лего» құрастыру ойынын сыйға тартатын болды.
«Жалпы, «Аяз атаға хат жаз» акциясы — Жаңа жыл мерекесі қарсаңында кішкентай қазақстандықтардың тілегін орындау үшін жасалған тамаша мүмкіндік. Мемлекет басшысы қолдаған осы жоба аясында өзге де көптеген қазақстандықтар мыңдаған балақайлардың арман-тілектерін орындайды деп үміттенеміз. Бұл ретте осынау жобаның зор әлеуметтік маңызы бар екенін атап өткіміз келеді. Өйткені, азаматтарымыз тұрмысы төмен отбасылардағы балалардың, мүгедек және жетім балалардың өтініш-қалауларына бей-жай қарамай, нақты қолдау көрсете алады», — делінген Ақорданың хабарламасында.
Дереккөз: Kaz.tengrinews.kz