Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың осыған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің алдында ұйықтап қалғанын NUR.KZ порталы жариялаған болатын.
Жақында тағы жергілікті басылым қала әкімінің жиналыста басын көтере алмай отырған фото, видеосын жариялады. Бірақ, қала әкімі үшін БАҚ бетіндегі өзі туралы жазбалар түк қызықтырмайтынға ұқсайды. Әкім бүгінгі жұмыс күніндегі кездесулерге көңілді шықты. Өзінің суреттеріне қатысты пікір де білдірді.
«Мен оны көрген жоқпын. Шығарып жатқандар алдыңғы, былтырғы болған нәрселер. Үстіңізден азаннан кешке дейін қарап тұрса тауып алатын шығар. Бір жылда бір нәрсе… Ол мысалға, төменге қарасаң олар түсіреді де айтады, көзіңді жұмсаң айтады. Ол дұрыс емес қой», — дейді Ілияс Испанов.«Мемлекеттік қызметкерлердің жиналыстарда ұйықтап қалуы, жиналыста қалай болса солай отыруына қатысты қала басшысы ретінде не айтасыз?», — деген журналист сауалына әкім:
«Ол дұрыс емес шығар…», — деген сенімсіз жауап берді.
«Ал, өзіңіздің жиында ұйықтап отыратыныңыз туралы не айтасыз?», — деген сауалды да жауапсыз қалдырған жоқ.
«Қой, ол өтірік», — деп қоштасты Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.