Мектептер мен бала-бақшалардағы жаңа жылдық мерекелер безендірілген шыршалары бар ертеңгіліктерсіз, әдемі жаңа жылдық костюмсіз және әрине тәтті сыйлықтарсыз өткізілмейді. Жаңа жыл – бұл қарапайым мереке емес, бұл әр бала үшін таңғажайып мереке. Сыйланған ойыншықтардан басқа әр балдырған тәттілері бар қалташаны немесе шағын қобдишаны іздей бастайды.
Осыған байланысты, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тәттілерді таңдау кезінде ата-аналарға мынаны ұсынады: — тәттілерді баланың жасы мен талғамына қарай таңдау керек. Кіші жастағы балаларға шашалып қалмауы үшін ұсақ мұз кәмпиттер мен тәтті шәрбаттағы жаңғақтар беру ұсынылмайды; — тәттілердің құрамы мен олардың дайындалу мерзімін, әсіресе дайын сыйлықты сатып алғанда зерттеуіңіз, балаға берудің алдында ішіндегісімен мұқият танысқаныңыз жөн. Тәттілер құрамында тыйым салынған тағамдық қоспалар, хош иістендіргіштер, бояғыштар, тұрақтандырғыштар болмауы тиіс. Және әрине жаңа дайындалған болуы тиіс; — белгіленбеген сауда орындарынан балалар үшін шыққан жері белгісіз жаңа жылдық сыйлықтарды алуға болмайды. Балалар мен жасөспірімдер денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу және оқыту ұйымдарында балалар арасында ішек аурулары жағдайларының пайда болу факторлары болып табылатын тез бұзылатын өнімдерді пайдалануға жол берілмейтінін ескертеміз. Жоғарыда аталған күрделі емес қағидаларды сақтау жаңа жылдық мерекені балалардың денсаулығы үшін ауыр салдарларсыз өткізуге септігін тигізеді.
Дереккөз: ҚР Тұтынушылардың құқығын қорғау Комитеті.