Ел Тәуелсіздігініңі 25 жылдығы торқалы тойының қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының әкімі – Оңтүстіктің тумасы Ділдәбек Оразбаев «Құрмет» орденінің иегері атанды.
Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы — 1961 жылы 8 мамырда Төлеби ауданы, Қасқасу ауылында дүниеге келген. 1988 жылы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын ғалым агроном және 2009 жылы Алматы экономикалық университетін қаржы мамандықтары бойынша бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгер ауданының Абай атындағы колхозында механизатор болып бастады. Әртүрлі жылдарда аталған ұжымшарда бас экономист, ұжымшар бригадирі, бас агроном, колхоз бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы бойынша салық бөлімінде аға салық инспекторы, «Ағжан-Мағжан» ЖШС директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы, басқарма бастығының орынбасары, департамент директорының орынбасары, басқарма бастығының міндетін атқарушы, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің «Шығыссушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметтерін атқарды. Тарбағатай ауданының әкімі қызметіне тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Шығыс Қазақстан филиалының директоры, Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты болып қызмет етті.
2013 жылдың 28 маусымынан бастап Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының әкімі болып тағайындалды.
Жерлесімізді марапатымен құттықтаймыз!