Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы» арнаулы атағы тапсырылды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Жапонның Хиросима мен Нагасаки қалалары адамзаттың жаппай қырып-жою қаруына қарсы күресінің жалпыәлемдік символы болып саналады. Сіздердің ядролық қару-жарақтан ада әлемді қалыптастыру жолында жұмсаған күш-жігерлеріңіз бен қосқан өлшеусіз үлестеріңізді бүкіл әлем жоғары бағалайды», — деп келтірілген Н.Назарбаевтың сөзі сәрсенбіде Ақорда сайтындағы хабарда.
Мемлекет басшысы мұны Қазақстан мен Жапонияның антиядролық қозғалыстағы ниеттестігінің белгісі деп атады.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта мұндай қасіретке жол бермеу үшін бар күш-жігерді жұмсауға шақырды.
«Хиросимаға келіп, Бейбітшілік мемориалды саябағы нысандарымен танысу кезінде ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы біздің бастамаларымыздың маңыздылығына деген сенімім тағы да беки түсті. Осы жерде, Хиросимада тұрып, атом бомбасы жарылысының бар қасіретті салдарын көре отырып, бүкіл әлем көшбасшыларын ядролық сынақтардан бас тартуға, атом қасіретінің қайталануына жол бермеуге шақырамын», — деп атап өтті мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Абэмен келіссөз жүргізу барысында жаппай қырып-жою қаруы қауіпінен ада әлем қалыптастыру жөніндегі іс-қимылды жалғастыру үшін екі елдің күш-жігерін жұмылдыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты.
Ақпарат көзі: ҚазТаг.