Созақ ауданының Сызған ауылы округіне қарасты, Қайнар елді мекенінде 80 орындық жеке меншік балабақша ашылды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында пайдалануға беріліп отырған «Ерасыл» балабақшасының ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі М. Исаев: — Биылғы жылы аудан бойынша 6 балабақша аштық, міне, 7 балабақша ел игілігіне беріліп отыр, жыл соңына дейін тағы бірнеше балабақша ашамыз. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырғандығымызды айта кету керек, — деп барша Қайнар елді мекенінің тұрғындарын құттықтады.
Аудандық мәслихаттың депутаты Г. Момбекова жерлестерін жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтап, жеке кәсіпкер Б. Алғазиевке алғысын айтты. Сондай-ақ, ауыл қариясы Ж. Жотабаев бата беріп, балабақша іші балалар күлкісіне толсын деген жүрекжарды лебізін білдірді.
«Балапан» бағдарламасы аясында ашылып отырған «Ерасыл» балабақшасында қазіргі таңда 6 адам жұмыспен қамтылды.
-Мектепке дейінгі білім беру ісінде мол тәжірибесі бар әдіскер және тәрбиеші, күтуші, медбике, аспазшы секілді қызметкерлер өз қызметтеріне кірісті. Жауапкершілігі мол, белсенділі, елді мекен тұрғындарын жұмыспен қамтуға тырыстым, — дейді жеке кәсіпкер Б. Алғазиев.
Алдағы уақыттары 3 топ ашылып 22 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. 315 шаршы метр ғимарат ішінде, балдардың демалыс бөлмесі, оқу және ойын бөлмелері, сондай-ақ, медбике кабинетімен асханасы бар.
Ал, кеше Жуантөбе ауыл округінде 50 орындық балабақша ашылды. Жеке кәсіпкер Р. Ортаевтың «Алуа» балабақшасының ашылу салтанатына аудан әкімі М. Исаев, облыстық мәслихаттың депутаты М. Тұрысбеков арнайы қатысты. Ашылу салтанатында сөйлеген аудан әкімі М. Исаев ауыл тұрғындарын жаңа балабақшаның ел игілігіне берілуімен құттықтады. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың депутаты М. Тұрысбеков игі тілегін білдіріп, жаңа балабақшаға түрлі түсті теледидар табыс етті.
Іске қосылған балабақшада 50 бала тәрбиеленеді. «Қажетті мамандықтардың барлығына ауыл тұрғындарын алып, 10 адамды жұмыспен қамтып отырмыз»- дейді балабақша егесі Р. Ортаев. Соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған балабақшада, екі жатын бөлме, асхана, демалыс бөлмесі, медбике бөлмесімен қамтылған.
Созақ аудан әкімінің баспасөз қызметі