Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімінде кіші жедел басқару орталығы 2015 жылдың шілде айынан бастап іске қосылды. Бүгінде орталықтың бейнекамералары орын алған қылмыс жайттарын ашуға үлкен көмегін тизігіп отыр.
Ішкі істер бөлімінде жұмыс істеп тұрған кіші жедел басқару орталығының тәжірибесі бойынша камералар орнатылған жерлерде құқықбұзушылық анағұрлым азайды.
Ағымдағы жылдың 10 айында сыртқы бақылау камераларының көмегімен аудан орталығында 886 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, оның 686-сы жол жүру ережесін бұзу, 47-сі ішімдік ішу, 111-і белгіленбеген орында темекі шегу және 42-сі ұсақ бұзақылықтар. Сондай-ақ камералар көмегімен «ізін суытпай ашу бойынша» 1 қылмыс ашылды.
Анықталған құқықбұзушылықтар бойынша 4,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, 2,8 миллион теңгеден астам қаржы мемлекеттік бюджетке өндірілді.
Бүгінгі күні Ордабасы АІІБ кіші жедел басқару орталығының сыртқы бақылау жүйесінде 12 стационарлық бейнекамера бар, оның ішінде 6 қоғамдық орында (базарлар, алаңдар, сауда үйлері), 3 көше қиылыстарында, 2 ауданға шығатын және кіретін орындарда, 1 әкімшілік ғимарат аумағында орналасқан.
ОҚО ІІД баспасөз қызметі