Құрылыс, азық-түлік, химия, фармацевтика және машина құрастыру салаларының 29 отандық кәсіпорны Тәжікстанның көтерме-сатып алу, дистрибьюторлық және құрылыс компанияларымен ықтимал тауар жеткізу туралы келіссөздер жүргізуде. Бұл туралы ақпарат ҚР Премьер-Министрдің ресми сайтында жарияланды.
Еске салсақ, Душанбеде қазақстандық өндірушілердің сауда миссиясы өтіп жатыр. Бүгінде бұл «KAZNEX INVEST» өткізіп жатқан осындай алтыншы іс-шара. Өткен іс-шаралар қорытындысы бойынша 75 компанияның қатысуымен жалпы 46 млн доллардан астам сомаға келісімдер жасалды.
«Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сыртқы сауда айналымы 2015 жылы 580,4 млн долларды құрады. Қазақстаннан жеткізілетін экспорт 415,5 млн долларды, ал Қазақстанға Тәжікстаннан әкелінетін импорт – 164,9 млн долларды құрады», – деген мәліметтер келтірді Ұлттық экспорт және инвестициялар жөніндегі агенттікте.
Айта кетер болсақ, 2016 жылдың соңына дейін агенттік сауда миссияларын өткізіп, қазақстандық өндірушілердің өнімдерін Ресейде, Моңғолияда, БАӘ-де және Иранда ұсынуды жоспарлап отыр.