Арыстанбек Мұхамедиұлы екінші сотқа дайындалуда. Онсыз да отандық режиссерлармен дауласып жатқан Мәдениет министрі енді өзін “төсекке сүйреді” деп айыптаған бойжеткенменде сотта жолықпақшы. Бұл туралы КТК хабарлайды.
Шенеуніктің құқығын қорғайтын адвокат та белгілі. Мұхамедиұлының жақын күндері соттан қолы босамайтын сияқты. Өйткені, министр қатарынан екі бірдей процеске қатысуға мәжбүр болады. Бұған дейін ол өзін “ақша бопсалады” деп айыптаған кинорежиссермен сотта кездесіп жүрген болса, енді оған бұрынғы студенті қосылды.
Мәдениет министрінің қос бірдей ісімен бір адвокат айналысады. Шенеуніктен кезекті тапсырма алған заңгер сотқа түсіретін шағымын да әзірлеп қойыпты. Министрді қорғаудан мол тәжірибе жинақтаған Ескендір Әлімбаев қазір жалғыз лингвистикалық сараптама нәтижесін күтіп отыр екен.
24 жастағы театр актрисасы Еңлік Сыдықова күні кеше ғана “Мұхамедиұлы мені ректор кезінде көңілдес болуға үгіттеді” деп күллі елге жария салған болатын. Сөйтсе, министр мырза оқуға түсу емтиханынан кешігіп қалған бойжеткенге төсек қатынасын ұсыныпты. Бұрынғы ректордың мұндай қылығы бар екенін танымал актер Тұңғышбай Жаманқұлов та қостап, мәлімдеме жасаған еді.
“Филолог мамандар қазір видеоны көріп, оған өз сараптамасын береді. Соның нәтижесі бойынша шешім қабылдаймыз”, – деді Мұхамедиұлының адвокаты Ескендір Әлімбаев.
Дереккөз: Stan.kz