Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың басшылығымен Қазақстан делегациясы Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкімет мүшелерімен бірқатар кездесулер өткізді. Бұл туралы ақпарат ҚР Премьер-Министрдің ресми сайтында жарияланды.
Ресми жұмыс сапары барысында алғашқы кездесу Сауд Арабиясы қоршаған орта, су және ауыл шаруашылығы министрі Әбдельрахман әл-Фадлимен өтті.
«Қазақстан барлық салаларда Сауд Арабиясымен тұрақты түрде ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге ниетті», – деп атап өтті А. Мырзахметов.
Тараптар әрі қарай азық-түлік қауіпсіздігі және біріккен тікелей инвестициялық аргарлық қордың құрылуын талқылады.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация Сауд Арабиясы ауыл шаруашылығы компаниялары өкілдерімен, инвестиция және сауда министрі Маджид Әл Кәсәби және Қоғамдық инвестициялық қорының басшыларымен кездесті.
Еске салсақ, соңғы 5 жылда Қазақстан Сауд Арабиясына 68 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін экспорттады.