Қазақстанда 2018 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс берушінің қосымша 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасы енгізілетін болады. Бұл туралы ҚР Парламеті Мәжілісіндегі отырыс барысында ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.
«2018 жылдың қаңтар айынан бастап, жұмыс берушінің азаматтарды зейнетақымен қамсыздандырудағы міндетін арттыру мақсатында, зейнетақы жүйесінің жаңа жинақтаушы компонентінің енгізілуімен жұмыс берушінің қосымша 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасы енгізілетін болады», — деп мәлімдеді Б. Нұрымбетов.
Шығындардың көлемі бюджет саласының қызметкерлеріне қатысты, сол себепті де, вице-министрдің айтуынша, 2018 жылы шығындардың көлемі 81 млрд теңгені құрайтын болады, ал 2019 жылы – 82,7 млрд теңге болады.
Айта кету керек, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты негізгі зейнетақыны тағайындау тәртібі өзгертілетін болады.
Бұдан өзге, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлт жоспарының 84-қадамын іске асыру аясында жаңа форматтағы адрестік әлеуметтік көмекті ендіру арқылы әлеуметтік көмек көрсету жүйесі реформаланатын болады.
«Жаңа форматтағы адрестік әлеуметтік көмек қазір әрекет етіп тұрған үш түрлі төлемдерді өзгерту есебінен енгізілетін болады. Соған байланысты, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50%-ға төмендерге барлық шаралар ұсынылатын болады», — деді вице-министр.
ҚР Премьер-министрінің Баспасөз қызметі.