Еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов бастаған 200 маман Ақтөбе облысына келді. Бұл туралы 24.kz сайтының тілшілері хабарлады.
Олар Елбасының тапсырмасымен аймақтың экономикалық-әлеуметтік проблемаларын шешуге көмектеспек. Мамандар 5 ауданда бір ай бойы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қаржыгерлер мен экономистер кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретсе, теологтар діни ахуалды реттеуге күш салмақ. Жан-жақты дайындалған діни мамандар тұрғындармен кездесіп, дәрістер оқиды. Сонымен бірге ауыл әкімдеріне арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылып, шағын кәсіпкерлікті дамыту жолдары үйретіледі. Республикалық озық клиникалардың дәрігерлері тұрғындарды қабылдап, қажетті кеңес береді. Ең бастысы, өңірде террористік қауіпке қарсы ауқымды іс-шаралар жүргізіледі. Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры: — Бұл бір тексеру емес, сіздермен бірге осы жердегі проблемаларға үңіліп, солардың шешу жолдарын іздеу. Жалпы жұмысымыз 7 бағыт бойынша жүретін болады. Халық арасында түсіндіру жұмыстары, шағын кәсіпкерлікті жаппай дамыту, діни ахуалды жақсарту, ақпараттық жұмыс, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру.