Бүгін қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың қатысуымен алтыншы шақырылған Шымкент қалалық мәслихатының кезекті жетінші сессиясы өтті. Онда Шымкент қаласының 1997 жылдан бері қолданыстағы қала гербінің орынына заман талабына сай қаланың туристік келбетін қонақтарға онан ары тартымды көрсету мақсатында жаңадан логотип ұсынылып, халық қалаулыларының қолдауымен ресми бекітілді. Айта кетерлігі, жаңа логотип төрт түрлі болып, оның екеуі латын әрібімен, ал екеуі кириллицамен жазылған.
Толығырақ айтар болсақ, Шымкент қаласы әкімдігінің логотипі графикалық және мәтіндік бөліктерден тұрады. Графикалық бөлігі қазақтың ою өрнектерінің элементтерінен құралған қызғалдақ гүлінің пішінін бейнелейді.
Оңтүстік Қазақстан-қызғалдақ гүлінің отаны. Қызғалдақ-шуақты көктем мен болашаққа сенімнің символы болып табылады.
Логотиптің мәтіндік бөлігі каллиграфиялық щрифтпен жазылып, өңірдің мәдениетін ұштастырып бейнелейді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі