ОҚО мәслихатының аппарат басшысы болып Керімхан Қадырбеков тағайындалды. Бұл қызметті абыроймен атқарып келген Александр Гурьев құрметті демалысы — зейнеткерлікке шықты.
Қадырбеков Керімхан Жанысұлы 1957 жылы 27 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданында дүниеге келген.
1979 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын инженер-механик мамандығы бойынша, 2004 жылы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін мемлекеттік және жергілікті басқару менеджері мамандығы бойынша оқып бітірген.
Еңбек жолын 1980 жылы Шымкент асбестоцемент конструкциялар комбинаты құбырлар цехының слесарінен бастап аға шеберіне дейін көтерілді. Кейіннен ұзақ жылдар комсомол ұйымдарында, Халық депутаттары Кеңесі Шымкент облыстық атқару комитетінде басшы лауазымдарда еңбек етті.
1992-1998 жылдары Төлеби ауданы әкімінің орынбасары, 1999-2010 жылдары №1 Шымкент троллейбус паркінің директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары-ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі, Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
2010-2016 жылдары «Оңтүстік» АЭА дирекциясы директорының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы әкімшілік-құқықтық және құжаттандыру жөніндегі жұмыс бөлімінің басшысы лауазымдарында еңбек еткен.