Екі апта бойына өмір үшін арпалысқан екі полицей өмірден озды. 18-шілдеде болған теракт кезінде ауыр жарақат алып ауруханаға түскен азаматтың бірі, жерлесіміз, Қазығұрт ауданының тумасы Мейрамбек Рахматуллаев еді. Алматы қаласының Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарып жүрген 24 жастағы азамат келместің кемесінде кетті. Туған жерінде полиция лейтенантын қалың елі қимастықпен ақтық сапарға шығарып салды. Бұл Қарабастаулық ағайынның қабырғасын қайыстырған екінші оқиға деуге болады. Бұған дейін де ішкі істер органында қызмет істеген Ғалымжан Әбдіров 2011 жылы Алматыда болған келеңсіз оқиғадан көз жұмған екен. Кезекті 13 адам оққа ұшқан Алматыдағы қанды оқиға қазақ елінің қабырғасын тағы бір қайыстырды. 18-шілдеде болған теракті жасындай жалындаған азаматтардың өмірін жалмады. Олардың ішінде 1992 жылы Қазығұрт ауданы Қарабастау ауылында дүниеге келген Мейрамбек Рахматуллаевта бар. 2009 жылы Қарабастау жалпы орта мектебін бітіріп , Ақтөбеде заңгер мамандығы бойынша білімін шыңдап, қызмет жолын учаске инспекторынан бастаған Мейрамбек Нуридуллаұлы қанды оқиға болардан 8 күн бұрын ғана шаңырақ көтеріпті. Туған жеріне келіп қуанышымен бөліскен азаматтан араға көп уақыт салмай туыстары қапыда қол үзіп қалды. Ауыр қазаға ортақтасқан ағайын марқұмды бір сәт еске алды. Туған туыстарына көңіл айтып, ердің есімі мәңгілік халықтың жадында сақталатынын жеткізді. Қаралы митингіде Алматы қаласының әкімдігі мен ішкі істер бөліміндегі қызметтес, замандастары да келген. Айта кетейік орны толмас қайғыға тап болған отбасыға Алматы қаласы әкімдігі 15 млн, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі 5 млн теңге қаржылай көмек көрсетеді. Ал Қазақстанның ішкі істер органдарының қызметкерлері барлық зардап шеккен жандар үшін бір күндік жалақыларын бермек. Қанды оқиға бейбітшілікке бүлік салып , елдің ынтымағына кірбің түсірді. Туған жерінің тыныштығын күзеткен азаматтардың өмірін қиды. Мезгілсіз қаза Мейрамбекті де өзімен бірге ала кетті. Ерге лайық қызмет көрсеткен азаматтың денесі туған жерінің топырағына тапсырылды.
Жомарт Бегімбетов