Енді Павлодар облысы мен Оңтүстік Қазақстан арасындағы өңіраралық байланыс одан әрмен арта түспек. Елбасының тапсырмасына сәйкес, өзара ынтымақтастықты нығайту мәселесінде бұған дейін өңіріміз үш бірдей облыспен қарым-қатынас орнатты. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бастаған делегация облыс басшысының қабылдауында болып, жергілікті тауар өндірушілердің нарықтағы өнімін кеңейту мәселесін талқылады. Нәтижесінде қос бірдей тараптың келісімімен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Өңір экономикасының беделін көрсетіп отырған өнеркәсіп орындарының өнімдері елімізден өзге алыс-жақын шетелдерге де экспортталып жатқаны мәлім. Ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы қарқын алып, жұмыспен қамту мәселесінде де еңбекке қабілеттілер артып келеді. Ал, Павлодардың өндіріс орындары мен Оңтүстіктің өзіндік брендттері алдағы уақытта қос бірдей облыс халқына жол тартады. Жұмысты жүйелеп, отандық өнімнің өрісін кеңейту – бірінші кезектегі мәселе. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңіраралық ынтымақтастықты дамыту арқылы ішкі нарықтық экономика үлесінің артатындығын баса айтқан болатын.
Әрбір саланың аймақтағы даму қарқынына қарай, тиісті тірліктер де атқарылатын болды. Өзара мүмкіндіктерін межелеп, таныстырылымын жасаған павлодарлық делегация алқалы жиыннан кейін арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды ортада орналасқан кәсіпорындардың жұмысымен таныспақ ниетте.
Өндірушілер арасындағы қарым-қатынастың артуы да кезек күттірмейді. Экономиканың негізі болар – ішкі сұранысты қанағаттандыру халық үшін де тиімді. Есесіне, еселеп өсер кәсіпкерлік өрісі ендігісі дами түспек.
Ұлт Көшбасшысының 100 нақты қадамы – болашаққа бастар жол десек, әрбір қадамның маңызды міндеті болып жазылған атқарылуы тиіс тірліктер – ел экономикасының қарыштап дамуында еселі. Ал, жұмыстағы ынтымақтастық пен береке-бірлік – келешегі баянды елдің бүгіні және ертеңі.
Cалтанат Тойболова