Тарқатып айтсақ, кешегі дүйсенбі күні, сағат 12-лер шамасында Шымкент қаласының тұрғынынан Төлеби ауданы Сайрам-су шатқалы жағында орналасқан Курумту өткелінде оқыс жағдай орын алғаны туралы төтенше жағдай мамандарына хабарлама түскен.
Онда шаһар тұрғыны 3500 метр биіктікте болған альпинисттік топтың бір мүшесінің өкпесі ісінгені туралы айтқан. 1990 жылы туған зардап шегуші ес-түссіз жағдайда болып, оны көлікпен тасымалдау мүмкін емес болыпты. Оңтүстік Қазақстан облысының ТЖ департаменті басшылығының келісімі бойынша «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы сағат 15:15 оқиға орнына ұшып шығып, сағат 16:30-да оқиға орнына жетіп, зардап шеккен азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетті. Медициналық апаттар орталығының бір топ дәрігерлері жолда туристке кәсіби көмек көрсетіп, облыстық клиникалық ауруханаға жеткізді. Шұғыл әрі нәтижелі жұмыстардың арқасында саяхатшы аман қалды.
Зардап шеккен М.Хасановтың туыстары Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖ департаментінің басшылығына алғыстарын білдірді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі