Облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың төрағалық етуімен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібінде өрт қауіпті кезеңде орман, дала өрттерінің алдын алу, су көздерінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су тасқынының алдын алу сынды мәселелер қаралды. Аудан, қала әкімдері мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысқан жиын барысында орын алып отырған кемшіліктер ашық айтылып, тиісті шараларды өз денгейінде ұйымдастыру қажеттігі бойынша аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар жүктелді. Облыс әкімінің төрағалық етуімен өткен Төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою комиссиясының отырысында 5 мәселе қаралды. Соның бірі өрт қауіпті кезеңде орман дала өрттерінің алдын алу және дер кезінде сөндіру іс-шаралары бойынша алдымен Облыстық ТЖД-нің бастығы Александр Путейко баяндама жасады. Оның айтуынша 2015 жылы облыс аумағында 6 орман өрті тіркелсе, 7 бірдей дала өрті орын алып, жалпы көлемі 2542 гектар аумақ қызыл жалынға оранған. Ал осының салдарынан келтірілген материялдық шығын көлемі 5,5 млн тенгеден асады. Осылай деген департамент басшысы облыс аумағындағы 875 елді мекеннің 44-інде ғана мемлекеттік өртке қарсы бөлімшелер құрылғандығын жеткізді. Тіпті облыс аумағында тұратын 3 млнға тарта халықтың 50 пайыздан астамы өрттен қорғаусыз жерде қалып отыр екен. Ал бұл мәселелерге қатысты облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов өрт қауіпі жоғары маусымның таяп тұрғанын айта келе аудан қала әкімдері өз аумақтарында ерікті өрт сөндіру жасақтарын құру жұмыстарын жандандыру қажет деп санайды. Бұл ретте дала өрттері жиі орын алып жататын бірқатар аудандарының әкімдеріне өңір басшысы алдын ала ескерту жасап өтті. Осылайша орман дала өрттерінің алдын алу бойынша аудан қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеген Бейбіт Бәкірұлы өрт оқиғасы орын алған жағдайда бірінші кезекте сол ауданның басшысы жауап беретіндігін тағы бір ескертіп өтті. Сондай–ақ, күн тәртібіндегі екінші мәселе су көздерінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары болатын. Бұл ретте ТЖД-нің мәліметіне жүгінсек бүгінгі күнге су көздеріндегі жазатайым оқиғалар, соның ішінде жас балалардың өлімі өте өзекті болып отыр. Айталық өткен жылдармен салыстырғанда суға батқандардың саны 3-4 есе өскен. Ал биылғы жылдың басынан бері облыс аумағында 14 адам суға кетсе, соның 10-ы екі мен 5 жас аралығындағы балалар. Бұл мәселеге келгенде де облыс әкімі аудан басшыларына қайғылы оқиғалардың алдын алып сақтық шараларын ұйымдастыру жөнінен пәрменді тапсырмалар берді. Кеңейтілген жиынында қаралған тағы бір мәселе су тасқыны жағдайларының алдын алу болатын. Биылғы қыс мезгілі қолайлы болуына байланысты облыс аумағында ірі көлемдегі тасқын құбылысы орын алмаған. Алайда жыл басынан бері Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас, Қазығұрт аудандарында 42 тұрғын үйдің ауласын жаңбырлы тасқын су басып, нәтижесінде 2 шаруашылық нысан бұзылған.
Осы ретте, өңір басшысы мүмкін болған су тасқынының алдын алу үшін аудан қала әкімдері, су қоймалары иелері, құзырлы мекемелердің басшылары алдын алу жұмыстарын жүргізу бойынша қойылған тапсырмалардың орындалуына және өздерінің атқаруға жауапкершілік танытулары тиіс деді. Бұл ретте жуырда ғана бірнеше елді мекені тасқын судан зардап шеккен Төлеби ауданындағы жағдайды тілге тиек еткен Бейбіт Бәкірұлы аталмыш ауданның әкімінен алдын алу шараларының барысын сұрады.
Абай Омар