Жастарға психологиялық қызмет көрсететін консультациялық көмек беретін орталық ашылмақ. Мақсат, қиын жағдайда қалып қойған жасөспірімдерге қол ұшын беру. Сондай- ақ, бірінші маусымнан бастап жоғарғы оқу орындарында «Жастар саясаты» пәні оқу бағдарламасына енгізіледі.Үстіміздегі жылдың ақпанында құрылған облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Болат Жанәбіл осылай дейді. Су жаңа басқарманың тың жоспарларын арнаның тілшілері де тыңдап қайтты. Еншісін облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасынан бөліп шыққан жаңа мекеменің басшысы Болат Жанәбіл әзірге ауыз толтырып айтарлық жұмыстардың жоқтығынан, жоспарларға тоқтағанды жөн көрді алдағы. Мәселен, жергілікті жастарды мейлінше жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында барлық аудан қалалардың аумағындағы құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарға жастарды тарту арнайы жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Енді әрбір әлеуметтік құрылыс нысанында жастар қадағалау бекеті құрылмақ екен. Қиын жағдайда қалып қойған жасөспірімдерге тегін қызмет көрсететін орталықтандырылған байланыс орталығы ашылмақ. Күйзеліске ұшыраған әрбір жас енді Coll-орталыққа қоңырау соғып, тиісті көмегін ала алады. Болат Серікұлы жастар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыс саны 2015 жылы азайғандығын айтып отыр. Мәселен, 2014 жылы жастардың қолымен 354 қылмыс жасалған болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 293-ке кеміген. Орын алып жатқан қылмыстардың дені ұсақ түйек деген, Болат Жанәбіл жастардың қылмысынан гөрі, қызықты көше спорттарын дамыту туралы жоспарларына кеңірек тоқталғанды жөн көрді. Мәселен, жастардың көшбасшысы атауы шетелше шұбырған спорт ойындарын дамытуға қатты құлықты. Сөзі мен ісі үйлесіп, жастардың ісі дөңгелене ме, әлде айтылған сөз желге ұшып кете ме, оны жаңа басшының алдағы қадамдарынан көретін боламыз.
Гүлжан Нұрланқызы