Заңгер мамандығын бітіріп, жұмысқа орналасамын деген жастар үшін облыс прокуратурасы «Ашық есік» күнін өткізді. Осы салада сапалы білім алып, мемлекетке адал қызмет етуге ықыласы зор студенттерге бағыт бағдар беру мақсатындағы басқосуға жоғарғы оқу орнының бітірушілерімен қатар, унивесритет ректорлары да қатысты. Яғни жоғарғы оқу орнын тәмамдап бірден жоғары лауазымды қызметке тағайындалуды мақсат тұтатын жастарға прокуратура саласының жұмыстары кеңінен айтылды. Облыс прокуроры Ибраһим Иманов жиынға өзі арнайы қатысып, жастардың үш тілді жетік меңгере отырып, аттестациядан өтіп жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген жас мамандар болса әріптес болуға мүмкіндіктің бар екенін жеткізді. Облыста 11 жоғарғы оқу орны болса оның 6-ауы болашақ заңгерлерді оқытады. Жалпы саны 350-ге жуық студент осы бағытта білім алса, бітіруші түлектердің меритократия қағидасымен жұмыс жасағаны да жөн. Яғни, қызметтің түрлі сатысынан өткен қызметкер өз саласында білікті, талапшыл, жауапкершілігі мол болатыны белгілі. Айта кеткен жөн, прокуратура саласында жұмыс істеуге ниет білдірген бітіруші студенттерге сауалнама жүргізіп, прокуратура саласымен етене таныстыруды мақсат тұтқан шараның болашақ маман иелері үшін маңызы зор.