Жұма күні Шымкентте «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы аясында «Ontustik Tourism Center» туристік ақпараттық орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов облысымыздың туристік әлеуетінің зор екендігін айтып, аталған орталықтың өңірімізде туризм саласын дамытуға тың серпін беретінін айтты. Туристерді ақпаратпен қамтамасыз ететін мемлекеттік коммуналдық мекеме тұрғындар мен қонақтарға алты бағыт бойынша қызмет көрсететін болады. Орталықтың ең басты ерекшелігі сол, мұнда өңір тұрғындары мен қонақтарына «Бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетіле отырып, мекеме ғимаратында туроператорлар, гид-аудармашы, көші-қон қызметі мен транспорттық мекемелер және ұлттық парк өкілдері шоғырландырылған. Бұл өз кезегінде туристерге туристік қызметті кешенді түрде алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұнда тәулік бойы call-орталық жұмыс істейді. Яғни, туристер өңіріміздің қай жерінде болмасын, мәселен, қалаға қалай жету немесе келесі нысанға қалай баруға болатынын орталыққа хабарласу арқылы біле алады. Айта кететін жайт, орталықтағы барлық ақпараттық қызмет түрлері тегін көрсетіледі. Мекеме директоры Жасұлан Төлебековтың айтуынша, дәл осындай принциппен жұмыс істейтін орталық республикада жоқ. Мысалы, Астана қаласындағы орталық конвеншн бюро, яғни, тек іс-шараларды ұйымдастырумен айналысса, Алматыдағы мекеме тек ақпарат таратуды қамтамасыз етеді екен. Ал Оңтүстіктегі туристік ақпараттық орталықтың артықшылығы, мұнда конвеншн бюро мен ақпараттық бюро біріктірілген. «ЭКСПО-2017» көрмесі мен «Универсиада-2017» халықаралық іс-шаралары қарсаңында «Ontustik tourism center» орталығының ашылуы маңызды оқиға болып отыр. Бүгінгі таңда орталық жетекшілігімен бұл бағытта еріктілерді дайындау, ақпараттық қол жетімділікті, қызмет көрсету сервисін арттыру және туристік бағыттарды әзірлеп, жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізу жоспарлануда.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
.