Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасы 100 нақты қадамының орындалуы Оңтүстікте жүзеге асырылу деңгейі қандай? 5 бірдей реформа төңірегіндегі атқарылып жатқан ауқымды жоспарлардың негізін облыс басшысы Бейбіт Атамқұлов саралап шықты. БАҚ өкілдері қатысқан брифинг өңір дамуының алдында тұрған мақсат-міндеттерді айқындап берді. Ең бастысы индустрияландыру бағдарламасының аясында 229 млрд теңгені құрайтын инвестиция тартылып, 164 жоба іске асырылған. Нәтижесінде 14 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Кәсіби мемлекеттік аппарат құру деп аталатын алғашқы реформаның Оңтүстікте жүзеге асырылуы қарқынды. Жаңа кадр саясатының негізінде бірыңғай персоналды басқару қызметі құрылып, әдеп жөніндегі уәкіл тағайындалған. Бос лауазымға конкурстар ашық түрде өткізіліп, арнайы сарапшылар тобы да жинақталу үстінде. Кадрлардың алтын резерві де өңірлік кадр саясатының жаңа стратегиясының негізі. Үш бағытты қамтитын стратегияның болашағы нық дейді облыс басшысы Бейбіт Бәкірұлы. Сондай-ақ, гендерлік тепе-теңдікті қалыптастыруды көздеп отыр. Ал, жаңашыл идея иелері еш кедергісіз кадрлардың алтын резервіне ену мүмкіндігі бар. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету үшін Елбасы Ұлт Жоспары арқылы жергілікті полиция қызметін құруды тапсырған болатын. Бұл жұмыстар да жүйесін тауып, аудан қалаларда ісін бастаған құрылымға 19 басшы тағайындалған. Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Сарыағаш ауданында құрылған «Сарбаз» еріктілер жасақтарының тәжірибесін өзге де аудан-қалаларға ендіруді жоспарлап отыр. Ал, индустрияландыру және экономикалық өсім реформасының төңірегінде нәтижелі істің жүзеге асырылуы өте маңызды. Әсіресе өнеркәсіп саласын дамытуда 4 бағыт бойынша жоспарлар әзірленген. Алғашқысы, тоқыма кластерін қалыптасыру болса, Фармацевтика саласын дамыту да республика көлемінде оңтүстіктің үлесі басым. Сол себепті жаңа технологияларды ендіруде сала мамандары күш салып жұмыс атқару үстінде. Жапондықтармен рентген аппаратын құрастыруға келісімге келуі – үлкен жобаның іске асырлуының қайнар көзі. Аудан, қалаларда индустриалды аймақтардың құрылыс жүргізу мен дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді арттыру өнеркәсіп саласының қос бірдей тетігі. Еліміз бойынша жылыжайдың 87,7 пайызы Оңтүстікте орналасса, қомақты 65 пайыз үлесті Сарыағаш ауданы құрайды. Бұл ретте, дүниежүзінде томат өндіруден 3-ші орынды иеленетін қытайлық кәсіпорын кофко тунхенің өңірімізге қызығушылығы Отңүстіктің мүмкіндігін арттыра түспек. Қазіргі таңда құны 21,6 млрд теңгені құрайтын зауыттың құрылыс жобасы әзірленуде. Мұнан өзге қажеттіліктер саралана отырып, табиғи шырын шығаратын 4 бірдей зауыттың құрылысы жүзеге асырылуда. Айта кететін тағы бір жайт, облысымыз мүлікті заңдастыру шарасы бойынша республикада үшінші орында. Біртектілік пен бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бағыттарында да тиісті шаралар жүргізілу үстінде.
Салтанат Тойболова