ОҚО –на жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласындағы «Azala Textile» тоқыма кешенінің жұмысымен танысты. Жеңіл өнеркәсіп саласында көрпе тыстары, жастық сүлгілер, ақжаймалар мен басқа да бұйымдар шығаратын өндіріс орны бүгінде 500-ге тарта азаматты жұмыспен қамтып отыр. Өндіріске толығымен жергілікті шикізатты пайдаланып отандық нарықта өз орнын таба білген кәсіпорын өнімі еліміз бен қатар шетелдерге де шығарылуда. Осы орайда алпауыт кәсіпорынды аралап көрген мемлекет басшысы зауыт жұмысшыларымен де кездесті.
Бұл Қазақстандағы толық жұмыс істейтін өндірістік циклі бар бірден-бір тоқыма комбинаты болып табылады. Кәсіпорын мата өндіру, жіп иіру, тоқу, өңдеу тігін жұмыстарымен айналысады. Ал өндіріске жүз пайыз жергілікті шикізат пайдаланыланылып, мақта тазалау зауыттарынан жеткізілетін мақта талшығы қолданылады. Зауыттың негізгі өнімдері дайын өңделген эксклюзивті мата түрлері, түкті және вафельді сүлгілер, жастық және көрпе қаптағыштары, халаттар мен балаларға арналған тоқыма бұйымдары. «Azala Textile» ЖШС-нің жіп иіру, тоқыма, өндірісі, бояу әрлеу және тігін өндірісіне қажетті негізгі құрал жабдықтары Швейцария, Италия, Германия, Жапония сынды елдердің озық үлгідегі құрал жабдықтарымен қамтылған. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 2824 тонна иірілген жіп, 13 млн шаршы метр ағартылған, болялған маталар, 2 млн төсек орын тыстары жиынтығы мен 7 млн дана түкті өнімдер шығаруға бейім. Ал мұндағы жұмысшылардың жалпы саны бүгінгі таңға 465 адамды құрайды.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл күні Қазақстандағы ірі фармацевтикалық компания «Химфарм» АҚ-да да болып зауыт мүмкіндігімен танысты. Қазіргі таңда зкәсіпорында дәрілік препараттар мен спирт ерітінділерінің 200 ден астам түрі өндіріледі. Кәсіпорын жылына 1,2 млрд таблетка мен капсулалар және түйірлер, 300 млн ампула, 6 млн инфузия, 40 млн атибиотик құтыларын шығаруға қауқарлы. Зауыт өнімдерінің бір жылдағы жалпы құны 16,5 млрд тенгеден астам қаржыны құрайды. Өнімдердің жоғары сапасы жоғары технологиялы құрылғылар мен халықаралық стандарттарға сәйкес келетін қатаң бақылаулардың арқасында мүмкін болып отыр. Айта кету керек ҚР-да тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттардың жалпы көлемінің үштен бір бөлігінен артығын «Химфарм» АҚ шығарады.
Абай Омар